今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада коронавируспен ауырғандар мен жазылғандарға қандай медкөмек көрсетіледі

29 七月 2021 18:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус індетіне шалдыққандар мен одан жазылып шыққан науқастарға қандай медициналық көмек көрсетіледі? Бұл сұраққа Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Короновирус инфекциясымен күрес аясында амбулаториялық деңгейде ересектер мен балаларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Біздің ақпараттық жүйедегі деректерге сай, 2021 жылдың 6 айында 104,07 млн теңге сомасына 26 226 рецепт бойынша 19 472 пациент антибактериалдық, ыстық түсіретін препараттармен және антикоагулянттармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде COVID-19 инфекциясы бойынша 88,48 млн теңге сомасына 14 117 рецептімен 9 851 пациент дәрімен қамтылды. Сондай-ақ, COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырған науқастар ПТР-тест нәтижесіне қарамастан, емдеуші дәрігерінің тағайындауы бойынша ыстық түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды өзі тіркелген емханадан ала алады», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров ZOOM платформасында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, филиал басшысы аталған індеттен жазылған соң пациентке қандай оңалту көмегінің көрсетілетіні туралы айтты.

«Елорда тұрғындары коронавирус және пневмония кезінде медициналық көмекті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан тегін алады. Біздің қор Нұр-Сұлтан қаласы бойынша оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Оның ішінде 20 жекеменшік, 22 мемлекеттік және 3 республикалық медицина ұйымы бар. Сонымен қатар, коронавируспен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған пациенттер Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өте алады. Азаматтар үйінде емделді ме, әлде ауруханада емделді ме, оған қарамайды. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитолог маманның кеңесімен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі», - дейді ол.

Елордалық Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сүйенсек, биыл І жартыжылдықта 2,02 млрд теңге сомасына (оның ішінде күндізгі стационарларда – 43 308, тәуліктік стационарларда – 36 999) оңалту қызметі көрсетілді.

Сол сияқты амбулаториялық-емханалық деңгейде 274,6 млн теңге сомаға 270 316 қызмет көрсетілді.


回到顶部