今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Энергетика саласындағы республикалық жобаларды іске асыру қарқыны қандай

28 九月 2021 11:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев республикалық Индустрияландыру картасының жобалары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы шілде айында Шымкент қаласында қуаты жылына 57 мың тонна болатын бензинге арналған октан көтеретін қоспа шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Жобаның құны жиырма бес млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда зауытта 350 адам жұмыс істейді. Жоба бензиннің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл бензиндегі күкірттің үлесін төмендетуге, тиісінше оның қоршаған ортаға шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, шет елдерден жеткізілетін осы өнімнің импорты төмендейді», - деді М. Мырзағалиев.

Оның айтуынша, келесі кезең бойынша қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен өнімін өндіруге мүмкіндік беретін жабдықты орнату арқылы зауытты кеңейту көзделген. Қазіргі уақытта оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Оны 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Негіздемені әзірлеу аяқталғаннан кейін, осы жобаның неғұрлым нақты параметрлері айқындалатын болады.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Атырау облысында мұнай-газ-химия саласындағы екі ірі жобаны іске асыруда. Бұл – полипропилен және полиэтилен өндіру жөніндегі интеграцияланған газ-химия кешендерін салу жобалары. Аталған жобалардың бірі бойынша құрылыс жүріп жатса, кейбірі пысықтаудың әртүрлі сатыларынан өтуде. Осылайша, «Самұрық-Қазынаның» еншілес құрылымы болып саналатын «КРІ» компаниясы биылдың соңына дейін полипропилен өндіру зауытының құрылысын механикалық аяқтауды жоспарлап отыр. Оның қуаты жылына 500 мың тонна болмақ. Зауытты пайдалануға беру келесі жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Бүгінгі күні жобаны іске асырудың жалпы прогресі 91 пайызды құрайды. Жобаның құны шамамен 1 трлн теңгеге бағаланады», - деді министр.

Бұл зауыттың өнімі сыртқы әлемдік нарықтарға экспортталатын болады. Сондай-ақ полипропиленге деген ішкі қажеттілікті толығымен жабуға мүмкіндік береді.

Оның сөзіне қарағанда, «КLPE» компаниясы полиэтилен өндіруге арналған жобасына стратегиялық әріптес іздестіріп жатыр. Ұсынылатын жобаның қуаты жылына 1 млн 250 мың тонна, ал құны 3,2 трлн теңгеге тең. Бұл жоба Теңіз кен орнынан шикі газды қайта өңдеуге және қайта бөлуді ұлғайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаз әлеуетті инвесторлармен жобаға қатысу бойынша келіссөздер жүргізуде. Олар жылдың соңына дейін жалғасады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Индустрияландыру картасын іске асыру аясында министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, отын-энергетика кешені саласында 4,5 трлн теңге құрайтын 19 жобаны іске асыруда.

Республикалық картада 4,3 трлн теңге сомасына үш жоба көзделген.


回到顶部