今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан мен Польшаның заң шығарушылары парламентаралық диалогты жандандырады

16 六月 2021 13:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылғы 15 маусымда онлайн-форматта «Қазақстан – Польша» ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топ мүшелерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды Польша Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан делегациясын Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Снежанна Имашева, Польша делегациясын – ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы жанындағы Польша Республикасының Сеймі және Сенаты делегациясының төрағасы Барбара Бартущ басқарды. Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан сөз сөйледі.

Тараптар Қазақстан мен Польша Парламенттерінің ағымдағы заң шығару қызметін талқылады, «COVID-19» коронавирусының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы ақпарат алмасты, сондай-ақ екі ел арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізді.

Атап айтқанда, қазақстандық депутаттар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүргізілген саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру бойынша Қазақстан Парламенті Мәжілісінің заңнамалық қызметі туралы ақпарат ұсынды. Польша парламентарийлері азаматтық қоғамның өкілдері, сарапшылардың, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (НСОД) мүшелерінің, саяси партиялардың қатысуымен әзірленген реформалардың үш пакеті шеңберінде жүргізіліп жатқан заң жобалау жұмысымен танысты.

Екі тарап халықаралық алаңдарда, оның ішінде Еуропалық Парламент, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы шеңберінде, Польшаның 2022 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін ескере отырып, одан әрі сындарлы өзара іс-қимыл жасауға деген ниетін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Польшаның парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелеріне таяу болашақта Қазақстанға сапармен келуге шақырылды. Екіжақты байланыстардың жандануына 2021 жылғы 10 маусымнан бастап «LOT» поляк авиакомпаниясы арқылы Нұр-сұлтан мен Варшава арасындағы тұрақты тікелей рейстердің жаңғыртылуы ықпал ететіндігі қанағаттанушылықпен атап өтілді.

Қазақстан Республикасында тұратын және екі ел арасындағы «дәнекер көпір» ретінде табылатын поляк диаспорасының маңызды рөлі атап өтілді. Поляктарды Қазақстанға депортациялаудың басталуының 85 жылдығы аясында Польша парламентшілері тарихтың қиын кезеңінде қазақ халқының поляк қоныс аударушыларына көрсеткен көмегі үшін ризашылықтарын білдірді.

Польша делегациясының мүшелері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты жылы лебіздерін білдірді.


关键词: Еуропа, ҚР СІМ,
回到顶部