今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда ПИК-тен мүлік иелері бірлестігіне ауысу қалай жүріп жатыр

13 十月 2021 19:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі пәтер иелері кооперативінен (ПИК) мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) ауысу бағытындағы жұмыстар жайында түсінік берді. Биылдың 9 айында 11 мыңнан астам МИБ/ЖС құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы алғанда, бүкіл ел бойынша 54 474 көппәтерлі түрғын үй (КПТҮ) бар, оның ішінде 50 427 КПТҮ мүлік иелері бірлестігін (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) құруға жатады. 2021 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 005 басқарудың жаңа нысаны құрылды, соның арасында 1 969 МИБ, 11 036 ЖС қамтылған. Бұл өз кезегінде көппәтерлі түрғын үй жалпы санының 25,8 пайызын құрайды. Әрбір әкімдік жиналыстарды өткізу бойынша тиісті жол карталары мен кестелерді бекітті. Ал биылғы 9 ай қорытындысы бойынша жоспарда 31 580 ескерілсе, 11 776 МИБ/ЖС құрылды, бұл жоспардың 37,3 пайызын құрады. Осы орайда жоспардан артта қалу көрсеткішінде 19 804 МИБ/ЖС қамтылған, оны кейінірек өтеуге тура келеді, бұл ауыр жүктемені тудырады. Ағымдағы жылдың 19 тамызында МИБ реформасы бойынша 662 адам қатысқан республикалық вебинар өткізілді», - делінген ведомство мәліметінде.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен министрлікте бағдарлама бойынша 634 тыңдаушы оқытылды, КПТҮ-нің 266 басқарушысының Сертификаттау орталығында біліктілігі расталды. Басқа білім беру объектілерінің базасында оқу орталықтарын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Биылғы сәуір айында «Қазақстан Республикасының кооперативтері мен экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандарының ұлттық қауымдастығы» ЗТБ негізінде бірінші өзін-өзі реттейтін ұйым (ӨӨРҰ) құрылды.

«Бұл ӨӨРҰ мүлік иелері бірлестігін құру және жылу беру кезеңіне дайындық мәселелері бойынша өңірлерде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқанын өткізуге дайын. ӨӨРҰ мүшелігіне кіру кезінде тегін оқытуды және сертификаттауды қамтамасыз етуге әзір. Сонымен қатар, ПИК арасындағы шиеленісті және даулы мәселелерді төмендету бойынша мәселелерді өз мойнына алуға, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-ның көмегімен ПИК-тің басқарушылар мен сервистік компаниялар нысанына бірқалыпты өтуін қамтамасыз етуге дайын. Әкімдіктерге осы ӨӨРҰ-мен өзара іс-қимылды жолға қою ұсынылды, алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде емес», - деп аталып өткен министрдік хабарламасында.

2021 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша келіп түскен 828 сұраққа жауап берілді. Халықты көбірек қамту мақсатында «Астана-ЕРЦ» ЖШС бірыңғай төлем құжатында (түбіртегінде) биылғы мамыр-маусым айларына Нұр-Сұлтан қаласы бойынша МИБ және ЖС құру туралы ақпарат орналастырылған. Тұрғындарды қамту 332 000 абонентті құрады.

«ТКШ ҚазОрталығы» АҚ жанында «Астана-ЕРЦ» ЖШС-мен бірлесіп, МИБ және ЖС жұмыс істеу бойынша фронт-офис, сондай-ақ әдіснамалық консультация ашылды. 2021 жылғы 16 қыркүйекте министрлік «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ алаңында ТКШ саласындағы электрондық ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған жинау және сақтау жүйесін (Е-Шаңырақ) тәжірибелік пайдалануға енгізді.

Бүгінгі күні, 1 кезең аясында ақпараттық жүйе көппәтерлі тұрғын үйлердің саны, олардың техникалық жай-күйі, КПТҮ басқару органдарынан алынатын орнатылған есепке алу құралдары бойынша талдамалық деректерді қалыптастыруға, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерімен және үйді басқарудың нарықтық IT-қосымшаларымен интеграцияны жүргізуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте жүйені одан әрі дамыту көзделген, оның аясында рейтингтер, басқарушылар мен сервистік компаниялардың тізілімдерін қалыптастыру мүмкіндігі пайда болады. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі бойынша бюджеттік қаржыландырусыз іске асырылады.

Бұдан басқа, ведомство Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, Жол картасын және E-Gov порталында МИБ-ті тіркей отырып, электрондық дауыс беру қызметін іске қосу бойынша бірлескен бұйрықты бекітті. Қазіргі уақытта E-Gov порталында тіркелген кондоминиум объектісімен КПТҮ үшін электрондық дауыс беруді өткізуге болады.


回到顶部