今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда тәркіленген есірткінің ең ірі партиясы: БҚО сотында үкім шықты

13 五月 2021 21:28

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Қазақстан аумағында синтетикалық есірткінің ең ірі көлемі (30 келіден астам) тәркіленген іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Украина азаматтары Игорь Дунаевский мен Виталий Малюкқа қатысты сот үкімі жарияланды.

Сот төрағасының міндет атқарушы Бақыт Ермаханов мәлім еткеніндей, ҚР ҚК 297-бабы 4-бөлігі (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, өткізу және қылмыстық топпен аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу), 264-бабы 2-бөлігіне (трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысу) сәйкес И.Дунаевский 19 жыл, В.Малюк 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сот талқысында мәлім болғанындай, өткен жылдың ақпан айында Украинада И.Дунаевский мен В.Малюк басқа да тергеумен анықталмаған адамдармен бірге Қазақстан аумағында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды дайындау және өткізу мақсатымен трансұлттық қылмыстық ұйым құруға уағдаласқан.

Сол жылы 23 ақпанда И.Дунаевский Минскіден Нұр-Сұлтанға ұшып келген. 8 наурызда Оралға жетіп, ұзақ мерзімге пәтер жалдап, В.Малюкті күткен.

В.Малюк Варшава, Нұр-Сұлтан қалалары арқылы 13 наурызда Оралға ұшып келген. Содан кейін екеуі Теректі ауданы Ақсуат ауылының шетінен тұрғын үй сатып алып, жасырын химиялық зертхана жасаған. Жалпы салмағы 30543,06 грамм мефедрон мен пировалирон психотроптық заттарын дайындап, өткізу мақсатында сақтаған. Бұл - Қазақстанда тәркіленген ең ірі синтетикалық есірткі болып табылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, аталған екеуді өткен жылдың тамыз айында полиция қызметкерлері ұстаған болатын.


回到顶部