今日天气
阿斯塔纳 +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Махамбет Досмұхамбетов: Сарайшыққа жылына 700 мың турист тартамыз

28 十月 2021 14:05

АТЫРАУ. ҚазАқпарат — Ежелгі Сарайшық қаласының аумағында заманауи туризм инфрақұрылымын дамыту жобасы жыл сайын Атырауға 700 мың туристің келуіне жол ашады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Ұлық ұлыс — Алтын Орда» атты халықаралық конференцияда айтты.

«Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сарайшықтың маңызы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымын салуды тапсырған. Сан саланың мамандарын жұмылдыру арқылы «Сарайшық қалашығының» жобасы жасалды. Жоспар бойынша кешен аумағында 20 шақты нысан бой көтереді. Соның ішінде «Жайықтан өтер жылжымалы жүзбелі көпірді» ерекше атап өтуіміз керек», — деген аймақ басшысы аспалы көпірмен Ибн Баттутаның Жайықтан жүзіп өткені туралы тарихи деректер бар екенін еске салды.

Айтуынша, Ибн Баттутаның естелігінде Сарайшық аумағында «Орда базардың» да болғаны аңыз болып айтылады.

Сондықтан бұл киелі мекенді сауда орталығы ретінде дамыту аса маңызды.

«Бүгінде Сарайшық музей қорығының қорында 4600 жәдігер сақтаулы. Оның 400-дейі ғана көрініске шығарылған. Осы жағдай жаңа «Алтын Орда» мұражайын салуға негіз болып отыр. Сарайшық заманында қолөнершілер ошағы болған. Ал қазіргі таңда өңірімізде 200-ге жуық қолөнерші бар. Бұл дәстүрді де қайта жаңғыртуымыз керек», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ол әлемге әйгілі болған Сарайшық бағын еске салатын саябақ ашылатынын атады.

«Кешен ішінде жылқы, түйемен сейіл құру және Жайық өзенінде алтын қайықпен серуендеу көпшіліктің қызығушылығын оятатын жоба болмақ. Сондай-ақ, бұл жерде халқымыздың этномәдениетіне негіздеген ұлттық ойындар және мәдени-бұқаралық шаралар өткізіледі. Бұл жобаларға шағын және орта бизнес өкілдерін тарту жоспарда бар. Қазіргі таңда Сарайшық мемориалды кешеніне келушілердің саны 20 мыңға жуық. Жоба іске қосылған жағдайда туристер саны 700 мыңға дейін артады деген болжам бар. Сондай-ақ, жүздеген жұмыс орны ашылады», — деді Махамбет Досмұхамбетов.


回到顶部