今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Оралдағы «Жастар» стадионы сенімгерлік басқаруға берілмек

20 五月 2022 14:52

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы «Жастар» стадионы сенімгерлік басқаруға берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, сенімгерлік басқаруға берудегі негізгі талап қыс кезінде жаппай сырғанауды қамтамасыз ету үшін тоңазытқыш жабдығын жөндеу болмақ.

Оның айтуынша, «Жастар» стадионында 2018 жылы «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік жобаларға бөлетін қаржысы есебінен жасанды мұз айдыны үшін тоңазытқыш жабдығы орнатылған болатын.

-Қазіргі кезде бұл жабдық жарамсыз. Мердігер мекеме «Бірлік» ЖШС (басшысы Аманжол Көнеев) жабдықты орнатқанымен, 2019 жылы электр қуатының жоғары қысымды кернеуіне байланысты жабдықтың кабелі істен шықты. Аталмыш мекеме кепілді мерзімнің аяқталуына дейін кабельді қондырды. Алайда оның қайтадан жану қаупі бар, - дейді басқарма басшысы.

«Жастар» стадионында допты хоккейден Ресей жоғары лигасында өнер көрсететін «Ақжайық» спорт клубының өз матчтарын өткізіп жүргені белгілі.

«Еліміздің басқа өңірлерінде допты хоккей дамытылмағандықтан, «Ақжайық» командасы амалсыздан Ресей жоғары лигасында ойнап жүр. Бәрі де қаржыға келіп тіреледі. Алдағы уақытта «Ақжайыққа» Ресейдің суперлигасына шығатындай мүмкіндігі жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Есендияров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» допты хоккейден жоғары лиганың финалдық сайыстарына қатысып, жетінші орынға ие болғанын жазған болатынбыз.


回到顶部