今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шенеуніктердің әрекеті үшін балалар жазаланбауы керек – Аружан Саин тегін үйірме туралы

24 五月 2022 23:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ – ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин тегін үйірмелер мен секциялардағы жалған тізімдер туралы пікір білдірді және мемлекеттік органдарды мәселені бірлесіп шешуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Қазақстанның бірқатар өңірлерінде бюджет қаражатының таусылуына байланысты балаларды тегін секциялар мен үйірмелерге қабылдау тоқтады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, жүйе жұмысында олқылықтар бар, яғни жалған тізімдер толтырылып, оларды қаржыландыру, үйірмеге келу санын көбейтіп жазу, жеткізушілер мен қаржыландыруды қайталау сын-қатері бар.

Оның айтуынша, жеткізушілердің түрлі өтінімдерінде бір жаттықтырушы жиі жазылған, кей нысандар шығармашылық және спорттық тапсырыс бойынша қайта-қайта өткен.

Сонымен қатар, спорт мектептерінің оқушыларын қайта тіркеу фактілері анықталған.

Аружан Саиннің айтуынша, тегін үйірмелер мен секциялар жұмысына қаражаттың жетіспеушілігі жергілікті атқарушы органдардың бюджетті дұрыс бөлмеуімен байланысты. Жергілікті атқарушы органдар өз өңірлерінің қажеттіліктерін ескермеген.

ArtSportEdu жеткізушілер қауымдастығының төрағасы Лана Болат хабарлағандай, 4-17 жас аралығындағы балаларды тегін үйірмелермен қамту шамамен 10-15%-ды құрайды немесе 4,5 млн баланың 700 мыңын ғана қамтиды.

Жалпы ел бойынша 8,5 мың қызмет көрсетуші жұмыс істейді.

«Өңірлердің бір жылға салған қаражаты әрине, жеткіліксіз болды, тіпті алғашқы айларда таусылып қалды. Мәдениет және спорт министрлігінің қосымша ақша бөлінетіні туралы ақпарат бар, бірақ мәслихаттар отырысынан кейін іс жүзінде ақша тек қызмет көрсетушілердің алдыңғы қарыздарын өтеу үшін ғана бөлінетінін көріп отырмыз. Өкінішке қарай, Атырау облысынан басқа бірде-бір өңір жеткілікті қаражат бөлген жоқ», - деді Аружан Саин елордада өткен конференцияда.

А. Саин Бас прокуратураға да хабарласқанын жеткізді. Жалған тізімдер мен арам пиғылды қызмет көрсетушілер туралы айтпас бұрын, нақты дәлелдерді көрсету қажет.

«Барлық бағыттар бойынша бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану мәселелеріне тоқталсақ: денсаулық сақтауда да, әлеуметтік қорғауда да, білім беруде де шенеуніктердің бұзушылықтары үшін балаларды жазалауға ешкімнің құқы жоқ. Арам пиғылды жеткізушілер болса, оларды анықтап, осы қылмыстарды жасағандарын дәлелдеп, жауапқа тарту керек. Ал балалармен етене жұмыс істейтіндер, өз жұмыстарын нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жасайтындар зардап шекпеуі керек, өйткені соңында балалар зардап шегеді. Мен барлығын заң аясында әрекет етуге шақырамын», - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.


回到顶部