今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шымкентте футбол матчы кезінде стадионның шатыры ұшып, алаңға түсті

21 五月 2022 21:57

НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он екінші турында ауа райының қолайсыздығына байланысты екі ойын кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда кездесу басталуына санаулы минуттар қалғанда «Тұран» мен «Ақтөбе» арасындағы кездесу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейін өткізілетін болды. Сол уақытта аталған қалада шаңды дауыл соғып, ойын өткізуге мүмкіндік болмаған.

Осындай жағдайға байланысты Шымкенттегі «Ордабасы» мен Павлодар облысының «Ақсу» клубтарының кездесуі ойын ортасынан тоқтатылды. Қатты жел мен шаңды дауыл салдарынан стадионның шатыры ұшып кетіп, алаңға түсті. Бұл уақытта шымкенттік клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп жатқан болатын.

Қазақстан футбол федерациясы аталған ойындардың қашан өткізілетіні туралы алдағы уақытта шешімін айтатын болады.

Сондай-ақ, өткен турдағы жеңісінен кейін елордалық «Астана» турнир кестесінде көш басына шыққан еді. Бұл жолы сырт алаңда «Атыраумен» 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Ал алматылық «Қайрат» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Осылайша он бірінші турдағы сәтсіздігінен кейін нәтиже шығарып, жанкүйерлер алдында сенімді ойын көрсетті.

Ертең, 22 мамырда «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақжайық» (Орал), «Тобыл» (Қостанай) мен «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Каспий» (Ақтау) мен «Тараз» командалары кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан кубогының жеребесі тартылды.