今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тимур Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы қызметінен кетті

17 一月 2022 09:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында палата сайтында жарияланған президиум төрағасының арнайы үндеуінен белгілі болды.

«Құрметті әріптестер!

Бүгіннен бастап мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы ретіндегі өкілетімді доғаруды ұйғардым.

Съез делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды», - делінген үндеуде.

Сондай-ақ, ол осы уақыт аралығында бірлесіп жұмыс істеген ұжымға, «Атамекен» сапында еңбек етіп жүрген қатардағы сарапшыларға да, аудандық деңгейдегі филиал басшыларына алғыс білдірген.

Тимур Құлыбаев «Атамекен» палатасының алдағы жұмысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында нұсқаған бастамалары басым бағытқа айналатынын айтқан.

«Мемлекет басшысы өз сөзінде «Атамекен» мен бизнес-қоғамдастық үшін басым бағыттарды белгіледі. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу, импортқа тәуелділікті төмендету, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету және т. б. бойынша кешенді шараларды іске асыру қажет.

Мемлекет басшысының осы тапсырмаларының барлығы ҰКП-ның сөзсіз басымдығында болады», - дейді экс-төраға.

«Атамекен» ұжымының басым мақсаты - әрдайым бизнестің құқығын қорғау болғанын айтқан Тимур Құлыбаев өзі басшылық еткен кезеңде палатаның Жоғарғы сотпен, Бас прокуратурамен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органымен жұмысы жолға қойылды деп есептейтінін жеткізген.

«Бүкіл өңірлерде кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестер жұмыс істеп тұр. 8 жыл ішінде палатаға 41 мың өтініш келіп түсті, олардың 40%-ы оң шешімін тапты.

«Атамекен» палатасының бастамасымен бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Заңнамалық түзетулердің 8 пакеті қабылданды. Экономикалық қылмыстарды криминалсыздандыру жүргізілді.

Экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 5 есе қысқарды. Қылмыстық кодекстен «жалған кәсіпкерлік» бабы алынып тасталды. Рұқсаттар, хабарламалар мен лицензиялар саны 4 есе қысқарды. Бақылау-қадағалау жүйесіне реформа жүргізіліп, 17 мың немесе талаптардың 58%-ы алынып тасталды», - деп еске алды Тимур Құлыбаев.

Үндеуде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысы 2024 жылға толық цирфландырылатыны айтылған.

«Біз «Бастау» жобасын шағын несиелеумен байланыстырып іске қостық. Мыңдаған жұмыссыздар, әсіресе, ауылдарда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Қазірдің өзінде 180 мыңнан астам адам оқып шықты. 60 мыңнан астам жоба іске қосылып, 70 мың жұмыс орны ашылды.

Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Ол пәнді 250 мыңнан астам жасөспірім оқып жатыр. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың аз ғана бөлігі. Бірақ алда жаңа үлкен міндеттер мен сын-қатерлер тұр», - делінген үндеуде.

Тимур Құлыбаев 1966 жылы 10 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген.

Соңғы жылдары Қазақстанның «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы, кәсіпкер, Қазақстандағы энергетикалық секторлар мен мұнай-газ кәсіпорындарын біріктіруші KAZENERGY қауымдастығының төрағасы қызметтерін атқарды.

Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы:1988-1990 жылдары – Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау және нормативтер ғылыми-зерттеу экономикалық институтының экономисі, кіші ғылыми қызметкері.

1990-1992 жылдары – Қазақстанның Мәдени, әлеуметтік және ғылыми-техникалық даму қоры Ғылыми-консультациялық орталығының директоры.

1992-1997 жылдары – «Алтын Алма» Концерні» АҚ бас директоры, президенті, Қазақстанның халықаралық даму қорының бас директоры, «Altyn Alma» сауда үйінің президенті, «Алтын Алма» жабық үлгідегі акционерлік қоғамының президенті.

1995-1997 жылдары - «Алматы сауда-қаржы банкі» ЖАҚ Бақылау кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеті Жобаларды бағалау және келіссөз жүргізу дирекциясының директоры.

1997-1999 жылдары – «Казақойл» Ұлттық мұнайгаз компаниясы» ЖАҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті.

1999-2001 жылдары - «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы» ЖАҚ президенті, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ бас директоры. 2001-2002 жылдары – «Мұнай және газ тасымалдау» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директоры.

2002 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бірінші вице-президенті болған. 2002 жылдан бері «ҚазТрансОйл» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жылдары – «Самұрық» Ұлттық холдингтік компаниясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары.

2008 жылдың қазанынан – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары.

2009 жылдың қаңтарынан - Қазақстан бокс федерациясының президенті. 2010 жылдан - Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитеті атқару комитетінің мүшесі.

2010 жылдың наурызынан Қазақстан Республикасы кәсіпкерлер бірлестігі үйлестіру кеңесінің мүшесі. 2010 жылдың сәуірінде «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы төралқасының төрағасы болып сайланған.

2010 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кірген. 2011 жылдың 12 сәуірінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған.

«ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. «Қазатомөнеркәсіп ұлттық атом компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстанның «Атамекен одағы» ҰЭП президиумының төрағасы (2010 жылдан).

Қазақстан Республикасы бокс федерациясының төрағасы. «Газпром» ААҚ директорлар кеңесінің мүшесі (2011 жылдың маусымынан).

回到顶部