今日天气
Нур-Султан +7 °С
阿拉木图 +14 °С
今日坚戈汇率
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Той-жиынды, негізсіз бас қосу мен қыдыруды уақытша тоқтату керек – Ералы Тоғжанов

18 一月 2022 18:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың өршуіне байланысты той-жиынды, отбасылық мерекелерді, негізсіз бас қосу мен қыдыруды уақытша тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті азаматтар! Бүгінде елдегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақталды. Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда коронавирус індеті өршіп барады. Сондықтан маска кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және т. б. алдын алу шараларын қолдану қажет. Тойды, жиынды, отбасылық мерекелерді, негізсіз бас қосуды, қыдыруды уақытша тоқтату керек. Ауру адамдар оқшаулану керек. Бұл – бүгінгі күннің, бүгінгі жағдайдың талабы. Бұл – айналадағы сіз жақсы көретін адамдарға қауіп төндірмеудің жолы! Бұл – жалпы саналы қоғамның әр азаматының мойнына алатын жауапкершілігі», - деді Е. Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Премьер-Министр орынбасары саналы қоғамның жауапты адамдардан құралатынын атап өтті. Әлеуметтік жауапкершілікке әкелетін қоғамдық сана, саналы қоғам қалыптастыруға әр азамат өз үлесін қосуы керек.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, ағайын! Осы ретте Үкімет тарапынан бизнес субъектілерінің жұмысына кедергі келмеуі үшін барынша шаралар қабылданып отыр. Сондықтан Ashyq жобасын сіздер мен біздердің амандығымыз, саулығымыз үшін әрі қарай дамыта беруіміз керек. Барлық қолданылып жатқан шаралар халқымыздың денсаулығын қорғауға бағытталғанын тағы да атап өтемін. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Сондықтан, құрметті қазақстандықтар, сіздерге және жақындарыңызға денсаулық тілеймін», - деді Е. Тоғжанов.


回到顶部