Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

18 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

18 April 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2021 жылғы 18 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Бұл күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003 жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға қашалған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып есептелетін 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Дүниежүзілік радио әуесқойлар күні

1925 жылдың 18 сәуір күні құрылған Халықаралық радио әуесқойлар одағының құрылуына байланысты атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы Алматыда Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. Оған әлемнің 30 елінен 100-ден астам ірі халықаралық және ұлттық компаниялардың басшылары жиналды.

2005 жылы қазақстандық эколог Қайша Атаханова қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметі үшін халықаралық Голдман сыйлығының иегері атанды.

Қайша Атаханова - төмен және орташа радиоактивті қалдықтарды басқа мемлекеттерден Қазақстанға әкелуге наразылық науқанын ұйымдастырған. Ол - биолог, радиоактивті сәулелердің зардаптарын зерттейтін маман, Қарағандыдағы экологиялық орталықтың негізін қалаушысы және жетекшісі. Экологиялық Голдман сыйлығын 1990 жылы қоғам қайраткері Ричард Голдман және оның жұбайы Родо бекіткен. 15 жыл ішінде Голдман сыйлығын 65 елдің 107 табиғат қорғаушысы алған.

2011 жылы Қазақстан экспортшылары ILAC-MRA белгісін пайдалану құқығына ие болды. ILAC-MRA комбинациялық белгі Ұлттық аккредиттеу орталығында аккредиттелген зертханалардың сынақ хаттамаларында қолданылатын болады.

2012 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Малайзиядағы «Limkokwing University of Creative Technology» университетінің Құрметті докторы атағына ие болды. Нұрсұлтан Назарбаев - бұл атаққа ие болған төртінші мемлекет қайраткері. Бұған дейін университеттің Құрметті докторы атағына Нельсон Мандела, Махатхир Мохаммад және Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Разак ие болған.

2013 жылы Қырғыз Республикасында белгілі қазақстандық жазушы Мұхтар Әуезовтің құрметіне мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті. Бішкектің орталық көшелерінің бірі қазақ жазушысының есімімен аталды.

2013 жылы қазақ футболының 100 жылдық мерейтойының эмблемасы мақұлданды. Байқаудың ең үздік жұмысы ретінде Семейдегі Шәкәрім мемлекеттік университетінің түлегі Динара Шүкееваның жұмысы танылды.

2014 жылы режиссер Серік Апрымовтың «Бауыр» фильмі Германия елінің Сыртқы істер министрлігінің наградасы (Preis des Auswärtigen Amtes), сонда-ақ Орталық және Шығыс Еуропаның goEast атты XIV кинофестивалінде 4000 еуро алды.

Жыл сайын Висбаденде тағайындалатын Германия Сыртқы істер министрлігінің сыйлығы «мәдени алуантүрлілікті құрайтын көркемдік түпнұсқалылық үшін» беріледі.

2016 жылы Ресей Батыры, РФ ІІМ ішкі әскерлерінің полковнигі Серік Сұлтанғабиев Бауыржан Момышұлы орденімен марапатталды. ҚР Ардагерлер ұйымының қоғамдық наградасы қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Бұл орденмен әскери ұрыстарда ерекше көзге түскендер және әскери борышын орындаған кезінде ерлік танытқан әскерилер марапатталады.

2017 жылы Қытайдың Hunan TV телеарнасы «I am a Singer» жобасында сәтті өнер көрсеткен әнші Димаш Құдайберген туралы фильм түсірді. Hunan Television - Қытайдың көрермендер саны жағынан екінші спутниктік телестанциясы.

2019 жылы Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақ әдебиеті» жобасы бойынша қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілінде тұңғыш рет көшіріліп, басылып шығарылатын болды.

2020 жылы Халықаралық Түркі академиясы өзінің ғылыми еңбектерін еркін оқуды қолжетімді етті. Ғылыми еңбектер арасында түркі әлемінің тарихы, бай әдеби мұрасы, тарихи жазу мен түркі тілдерінің ескерткіштерін зерттеулер, сондай-ақ бауырлас елдердің этнографиясы, фольклоры және дәстүрлері туралы еңбектер бар. Онлайн кітаптар қазақ, түрік, әзербайжан, ағылшын, қырғыз, орыс, моңғол, сондай-ақ, тағы басқа бауырлас елдердің тілдерінде жарияланған.


Keywords: Күнтізбе,
Up