Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

20 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

20 April 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2021 жылғы 20 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы БМСБ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма-ОГПУ) «үштігінің» шешімімен Алаш қозғалысының Мұхамеджан Тынышбаев бастаған 20-дан астам мүшесі жазаланды. Осы топпен бірге істі болған Мұхтар Әуезов, Уәлихан Омаров, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков алдын ала тергеу кезінде түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылды.

1991 жылы Атырауда әлемдегі ең терең кен орны Теңізден алғашқы өнеркәсіптік мұнай өндірілді.

1994 жылы ТМД мемлекеттері ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты күшіне енді. Шартқа 1992 жылы Ташкентте Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қол қойған болатын.

2000 жылы Ташкентте Қазақстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның президенттері аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өткізді.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Ертіс», «Оңтүстік» және «Жетісу» атты үш әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация құру туралы Жарлығы шықты. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың басты қызметі - инвестициялар тарта отырып, жергілікті жерлердегі жаңа жобаларды жүзеге асыру. Сөйтіп өңірдегі халықтың мұң- мұқтажын шешуге қол ұшын беру.

2011 жылы Мәскеудегі қазақ диаспорасы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінде Кеңес одағының батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Аңызға айналған батыр» атты кітаптың тұсаукесерін өткізді.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 375 жылдығына арналып, ерекше мемориалдық кешен бой көтерді. Оның хас бетінде Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүр батырларға арналған ескерткіш ашылды. Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының бойында салынған «Батыр бабалар» мемориалдық кешені алаңының сыртқы жағында бірнеше панно орналасқан. Оның бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған зар заманды бейнелесе, екіншісінде Орбұлақ шайқасының көріністері айшықталған. Қабырғада Ұлы жеңіске қол жеткізуде ерекше көзге түскен екі қолбасшымен бірге сардар батырлардың аты-жөндері өшпестей етіп, гранит тасқа қашалған. Ал, қос батырға салынған қола мүсіннің биіктігі 12 метр.

Up