Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

22 мың әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға икемді етіп жасалады

25 May 2022 16:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Кедергісіз келешек» жобасының аясында 2025 жылға дейін 22 мың әлеуметтік нысанның тізбесі жасалып, мүгедектігі бар адамдарға қолайлы етіп жарақталуы керек. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осындай меже қойып отыр. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев ҚазАқпаратқа берген сұхбатында мәлім етті.

- Ербол Жолдаспекұлы, мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта құру бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр?

- 2012 жылдан бастап 2018 жылға дейін елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жоспар әзірленді. Жергілікті деңгейде кедергісіз ортаны қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімдіктерінің құзыретінде. Осы жоспар аясында облыс әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар 34 780 нысанды (оның ішінде дәріханалар да бар) және көлік инфрақұрылымы объектілерін паспорттады. Оның ішінде 25 711 нысан бейімдеуден өткізілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мониторинг жүргізіп, әкімдіктер бейімдеген нысандардың бәрі тиісті талаптарға сәйкес келмейді деген қорытындыға келдік. Мысалы, әкімдіктер пандустардың болуы, есік стандарттарына сәйкестігі туралы есеп берді. Пандустардың көлбеу бұрышына қойылатын нақты талаптар бар. Мүгедек арбасының кедергісіз кіруіне қолайлы болуы шарт. Пандустар орнатылғанымен талапқа сай етіп жасалмайтын жайттар көп. Есту қабілеті нашар немесе көру қабілеті нашар адамдарға қолайлылық бойынша жеке талаптар бар. Ғимарат ішіндегі санитарлық торап бөлмелері де стандартқа сай болуы керек.




Осы тұрғыдан алғанда, олқылықтар көп. Сондықтан біз әкімдіктерге өңірлерде мониторинг топтарының жұмысын жандандыруды тапсырдық. Осы мониторинг топтарының құрамына мүгедек адамдардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестіктер, белсенділер, қоғамдық ұйым өкілдері, депутаттар кірсін деп ұсындық. Мониторинг топтары тек мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың өкілдерінен құралмауы керек. Сонымен қатар, ескертулерді жою туралы өз ұсыныстарын бере алатын жұртшылық арасынан да алынуы қажет.

- «Кедергісіз келешек» жобасы туралы жиі естиміз. Бұл жоба елге не береді?

- «Кедергісіз келешек» жобасының маңызы зор. 2025 жылға дейін кедергісіз ортаны толық қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

«Amanat» партиясымен бірлесіп сайлауалды тұғырнама аясында бес жыл ішінде 22 мың әлеуметтік маңызы бар объектіге қолжетімділікті толық қамтамасыз етуге тиіспіз. Жыл сайын біз бүкіл ел бойынша 4 400 объектінің қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз керек.

Өңірлердің бәрінен ең алдымен кедергісіз орта етіп бейімдеуді қажет ететін әлеуметтік нысандардың тізімін сұраттық. Яғни, мемлекеттік мекемелер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының, емханалар мен ауруханалардың, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарының ғимараттары қаншалықты талапқа сай екеніне бастан-аяқ талдау жасалды. Мысалы, облыстың тізімінде 250 объект болса, екінші өңірдің тізіміне 400 нысан енген.

- Мониторинг топтары нысандарды қалай тексереді?

- Республика бойынша 200-ден астам мониторинг тобы жұмыс істейді. Мониторинг тобындағы адамдар әуелі пандустарға қойылатын талаптарды, олардың көлбеу бұрышын, енін, нашар еститін және нашар көретін адамдарға, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға қандай жағдай жасалуы керектігін біліп тұруы керек. Біз ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп мониторинг топтарына арналған әдістемелік материалды бекіттік. Сол құжатта бәрі жазылған. Мониторинг тобына мүше әр адамға соның негізінде жасалған нұсқаулық берілген.




Мониторинг топтары тексеру тізіміне енген нысандарды түгел аралап, ұсыным түріндегі ескертулер берді. Ол ұсыныстарды орындауына екі айдан үш айға дейін уақыт беріледі. Осыдан кейін нысандар қайта тексеріледі. Ескертулерді жойғаннан кейін мониторинг топтары объектінің бүкіл параметрлерге сәйкестігі туралы актіге қол қояды. Осы актілер бойынша әкімдіктер бекітілген объектіні https://inva.gov.kz/ сілтемесіндегі интерактивті картаға енгізеді.




Бұл ресурста пікір қалдыруға болады. Нысанға бас сұққан кез келген адам пікір жазып, өз ескертулерін нақты жаза алады. Бұл шолуларды түзету немесе жою мүмкін емес.

Аумақтық департаменттерге мониторингтен өткен нысандарды қайталап аралап шығуды тапсырдық. Былтыр жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша 5080 нысан бейімдеуден өткен. Ал соның аясында біз 3260 нысанды немесе 75%-ын тексердік.




- Мониторинг кезінде қандай олқылықтар жиі анықталады?

- Өкінішке қарай, бірқатар олқылықтар анықталды. Айталық, 400 объектіде тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың жүріп-тұруына қатысты ережелер бұзылса, мүгедек арбасындағы адамдардың жүріп-тұруымен қатысты 500-ден астам олқылық табылды. Нашар көретін және нашар еститін адамдарға арналған ортаны ұйымдастыруға қатысты бірқатар олқылықтар бар. Түпкі мақсатымыз – бес жыл ішінде 22 мың нысанды мүгедектігі бар адамдарға жүз пайыз бейімдеп шығу.




Әсіресе халыққа қызмет көрсету орталықтарында кедергісіз орта құру мәселесі түпкілікті шешілгені керек. Әкімдіктерге салсақ, «бәрі жақсы», «бәрі реттелген» деп есеп береді. Тескеріп қарасақ, әрдайым олай бола бермейді.

Мониторингтен тыс тексерулер де болып тұрады. 2021 жылы біздің министрлік 1009 тексеру жүргізді. Оның ішінде 844 тексеру әлеуметтік-көлік инфрақұрылымы объектілеріне қолжетімділікті солардың қорытындысы бойынша анықталған ақауларды жою туралы 827 ұйғарым беріліп, 18 млн теңгеден астам сомаға 149 әкімшілік айыппұл салынды.

- Ерекше мұқтаждықтары бар адамдарға арнап жабдықталған объектілердің тапшылығы бойныша қай өңірлер артта қалып отыр?

- Бұл мәселеде өңірлердің проблеманы шешуге қанша қаражат бөлетіні маңызды. Айталық, Маңғыстау, Атырау облыстарында, тіпті Алматыда да қаражат жеткіліксіз бөлінген.

Қостанай облысында көптеген ескертулер анықталғанын бөліп айтқым келеді. Павлодар, Қарағанды облыстарында да ескертулер болды. Жамбыл облысында бірқатар ескертулер анықталды.




- Дегенмен шағымдар сап тыйылды деп айтуға әлі ерте шығар?

- Әрине, шағымдар көп. Сайтқа, тұрғындардан түсіп жатады. Біз нысандардың халықаралық стандарттарға сай болуын талап етеміз. Әлі көп жұмыс күтіп тұр. Салынып жатқан жаңа объектілердің мүгедектігі бар адамдарға жүз пайыз бейімделіп салынуы маңызды. Ол мәселе бойынша да тиісті органдар әзірлеген нақты талаптар, нормативтер бар. Тротуар, аялдама көлік құралдарынан бастап көппәтерлі үйлерге дейін бәрі мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуына қолайлы болып бейімделуі керек. Бұл санаттағы адамдар тек әлеуметтік нысандарға барып қана қоймай, спортпен шұғылданады, мәдени орындарға барады. Сондықтан аталған стандарттар талап етілетін орындардың қатары кеңейе бермек.

- Сұхбатыңызға рахмет!








Up