Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысында тіл жанашырлары марапатталды

17 September 2021 19:29

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында тілдер онкүндігінің жабылуына орай салтанатты шара өтіп, бірқатар тіл жанашырлары Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысының орынбасары Айна Мысырәлімова шараның маңызына тоқтала келе, өңірде мемлекеттік тілді дамытуға мол мүмкіндіктер қарастырылып отырғанын тілге тиек етті.

«Тіл – ұлтымыздың ұлы қазынасы, халқымыздың рухани қуатының негізі. Ғасырлар бойы талай қиындықты бастан кешірген халқымыздың өз қасиетін жоғалтпай, ұлттық болмысын сақтап қалуына тіліміз тірек болды. Ата-бабамыздан мұра болып қалған бай да, көркем ана тілімізді болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру біздің қасиетті борышымыз», - дей келе, облыс әкімінің орынбасары бүгінде өңір тұрғындарының 76 пайызы қазақ тілін меңгергенін, 5,1 пайызы үш тілде еркін сөйлей алатынын атап өтті.

Айна Мысырәлімованың айтуынша, облыста қазақ тілінде оқытатын 155 мектепте 63 мыңнан астам оқушы және 270 балабақшада 20 мыңнан астам бүлдіршін қазақ тілінде білім алып, тәрбиеленуде. Сонымен бірге, өңірде қазақ тілінде білім беретін 2 колледж жұмыс істейді. 2003 жылдан бері іске кіріскен мемлекеттік тілді оқыту орталықтарында 35 мыңнан астам тыңдаушы қазақ тілін оқыған. Облыстық телеарнаның 70 пайыз бағдарламасы қазақ тілінде жүргізіледі.

Шара соңында өңірдің қоғамдық өмірінде белсенділік танытып, тілдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар тіл жанашырлары мен облыстық онлайн байқауының жүлдегерлері Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаты және арнайы дипломмен марапатталды.


Up