Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматының бір ауданы «сервистік полиция» тәжірибесіне арналған пилоттық аймақ болады

20 October 2021 22:40

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Алатау ауданы «сервистік полиция» тәжірибесіне арналған пилоттық аумақ болып белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда «сервистік полиция» тәжірибесін ұлғайту жөнінде кеңес өткізді.

Кеңестің мақсаты Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру шеңберінде шаһардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізуге арналды.

Құқық бұзушылықты алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында бұған дейін полицияның сервистік моделі пилоттық режимде Алатау ауданының «Өжет» ықшамауданы мен Бостандық ауданындағы «Керемет» тұрғын үйінде іске қосылған.

Талдау нәтижесі негізінде аталған аумақта құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жұмысты күшейту бойынша шаралар қабылданып, полицияның қосымша модульдік бекеті орнатылды, тәртіп сақшылары жаяу нарядының патрульдеуі ұлғайтылды.

Ержан Бабақұмаров пилоттық жобаны іске асырудың аралық нәтижелеріне сәйкес сервистік полиция тәжірибесін ықшамаудан деңгейінен Алатау ауданына дейін кеңейту туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Бүгінде бұл ауданда 300 мыңнан астам халық тұрады.

Осылайша, Алатау ауданының бар аумағы сервистік тәсілді енгізудің пилоттық аймағы болып белгіленді.

Осыған орай, аудан әкімі аппараты жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу, ұйымдастырушылық және институционалдық сипаттағы тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша аумақтық ведомствоаралық топ құру жөнінде тапсырмалар берілді.

Атап айтқанда, жобалау кеңсесі аудан тұрғындарымен бірлесіп, тұрғылықты халық арасында талдау мен сауалнама жүргізеді, құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды сканерлейді. Бұл жұмыстың нәтижесі пилоттық аумақты картаға түсіру мен учаскелік инспекторлардың жұмысын түзету, патрульдеу жүйесін кеңейту, қосымша бейнебақылау камераларын орнату, жарықтандыру сынды шешімдер қабылдаумен сипатталады.

Жалпы, полицияның сервистік моделін кеңейту құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Алматыда «Халыққа қолжетімді полиция» қағидаты аясында қаланың учаскелік полиция инспекторларының штаты 113-ке ұлғайтылды. 9 қосымша учаскелік полиция пункті сатып алынды.

Одан бөлек, 441 бейнетіркегіш пен 432 планшет алынды.

Саябақ аймақтарында, азаматтардың жаппай демалу орындарында патрульдік нарядтар үшін 55 бірлік көлік құралдарын сатып алуға қаражат бөлінді.


Up