Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Аризона университетімен бірлесіп маман даярлаймыз - Ералы Тоғжанов

20 May 2022 12:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болады.

Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде 490 мыңға жуық жас колледждерде білім алуда. Бүгінде олардың 40%-дан астамы ақылы негізде оқып жатыр. 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болады. Биылдың өзінде осы мақсатта 45 мың қосымша грант бөлінді. Колледждердегі білім беруді еңбек нарығына бейімдеу үшін академиялық еркіндік енгізілді. Оқу бағдарламалары толығымен жаңартылды», - деді Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар ол ел аумығында ашылып жатқан шетел оқу орындарының филиалдары туралы айтты.

«Жоғары оқу сапасы сенаторлар тарапынан өткір көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі. Бұл салада бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін әлемдік үздік университеттер филиалдарын елімізде ашу қолға алынды. Былтыр Алматы қаласында британдық Де-Монфорт университетінің филиалы құрылды. Жаңа оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Аризона университетімен бірлесіп маман дайындау жобасы іске қосылады.

Бұл жастарға шетелге шықпастан, әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған университеттерде білім алуға, ата-аналарға шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Осыған дейін Аризона университетімен бірлескен жоба бойынша келіссөз жүргізілгені хабарланған еді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы М. Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ екенін айтты.



Up