Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асқар Мамин: Қазақстан – Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір

13 October 2021 12:32

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан – Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Алматыда ашылған TransLogistica Kazakhstan-2021 халықаралық көрмесінің қатысушыларына жолдаған құттықтауында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Еуразия құрлығының маңызды көлік желілерінің ортасында орналаса отырып, Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір мен сенімді серіктесті білдіреді, мұны көрме мен конференцияға қатысушылардың халықаралық құрамы дәлелдейді.

«Translogistica Kazakhstan 2021» халықаралық көрмесі транзиттік-көлік әлеуетін дамытуға, ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестік қатынастарды одан әрі нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін», - деп Үкімет басшысының құттықтауын оқып берді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.

Вице-министр өз сөзінде соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласына 35 млрд АҚШ долларына жуық қаражат салынғанын айтып өтті.

«Қазақстан көлік саласын және көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсауда. Үкімет пен ҚР ИИДМ бірқатар салалық бағдарламаларды іске асырды, саланың құқықтық негізі қалыптасты, көлік қызметтерін көрсету үшін қолайлы бәсекелестік орта құрылды. Соңғы 15 жылда еліміздің көлік саласына шамамен 35 млрд АҚШ доллары салынды», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді (5 темір жол және 6 авто). Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 100 мың км құрайды. Темір жолдың ұзындығы – 21 мың км.

Қазақстанда 20 әуежай бар, оның 18-і Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) талаптарына сәйкес келеді.

Ағымдағы жылғы 2-11 тамыз аралығында өткізілген ICVM шеңберінде ИКАО ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі (84% - ға дейін) арттырылды. ИКАО-ның объективті бағалауы ҚР ИИДМ жүргізетін реформалардың оң әсерін көрсетеді.


Up