Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Атырау облысында жол апатынан жүргізуші мен екі жолаушы мерт болды

26 May 2022 00:23

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жол апатынан жүргізуші мен екі жолаушы мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол-көлік оқиғасы 25 мамырда сағат 18:00 шамасында болған.

«Армения Республикасында тіркелген «Toyota Ipsum» автокөлігін 37 жастағы жүргізуші басқарғаны анықталды. Жүргізуші көлікті басқару жүйесін игере алмай, «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы күре жолдың 490-шақырымында аударылған. Жол-көлік апатының салдарынан 1985 жылғы жүргізуші мен 47 және 54 жастағы жолаушы оқиға орында мерт болды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір үш адамның өліміне соқтырған жол-көлік апатының себебі анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері тергеу амалдарын бастады.

«Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолда 2020 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл жолды қайта жаңғырту жобасы 6 бөлікке бөлінген. Оның 833-853 шақырымдық учаскесі 2020 жылы пайдалануға берілген. «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахан)» дәлізі бойынша барлық жұмысты 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері Қуаныш Шортабаевтың мәліметінше, аталған жолдың 100 шақырымнан астам бөлігіне тексеру жүргізілген. Жолдың кейбір бөлігіне қара қиыршық тас төсеу көзделді. Жолдың кейбір бөліктерінде топырақ төселіп жатыр. Тексеріс кезінде айтарлықтай кемшілік анықталмаған. Бірақ, айналма жолдарға шаң көтерілмес үшін уақытылы су шашылмағанына байланысты ескерту берілген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында үш айда жол апатынан 25 адам мерт болғанын жазған едік.


Up