Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Атырауда жыл басынан бері интернет алаяқтықтың 550 дерегі тіркелген

22 October 2021 22:10

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жыл басынан бері интернеттегі 550 алаяқтықтың дерегі тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Айбек Тілешевтің айтуынша, жыл басынан бері алаяқтық қылмысына қатысты 1300-ге жуық қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 550-ге жық интернет-алаяқтық дерегі бар.

«Алаяқтар интернетте тауарды сату немесе қызмет көрсету туралы хабарландыру орналастырады. Яғни, олар құрбандарын тауардың төмен бағасымен, қолжетімділігімен қызықтырады. Кейін тауар бағасының 50 пайызын алдын ала төлеуді сұрайды. Ал төлем жасалғаннан кейін іске үшінші адам араласады. Ақшаны алған соң зардап шегушіге тауардың басқа елде екені, оны жеткізуде болмашы қиындық туындап жатқанын айтады. Бұдан соң алаяқтың телефоны нөмірі өшіріліп, тауар да жоқ болады», -дейді Айбек Тілешев.

Оның айтуынша, тұрғындарға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтар да бар.

Олар клиенттің картасына қатысты күмәнді операция жүргізілгенін хабарлайды. Осы әрекетті бұғаттау үшін картаның артындағы 3 таңбалы санды сұрайды.

Әрине, адамдар оған тиісті мәліметті береді. Кейін мәселенің шешілгенін айтады.

Бірақ олар осы сәтте интернет-банкинг арқылы зардап шегушінің есепшотындағы ақшаны шешіп алады.

«Алаяқтар мұндай әрекетке мұқият дайындалады. Әрі адаммен қалай сөйлесудің түрлі тәсілін біледі. Сол себептен, алаяқтардың құрбаны болмау үшін бірнеше кеңесті ескеру керек. Біріншіден, жеке мәліметтерді ешкімге бермеген, күмәнді, тексерілмеген ақпаратқа сенбеген жөн. Қазір ұйым немесе компания туралы ақпаратты интернет арқылы тексеруге болады. Екіншіден, алдын ала төлем жасамай тұрып, дүкенге хабарласу арқылы тапсырыс берген тауардың бар-жоғын тексеру қажет. Үшіншіден, күмәнді келісімдер бойынша ақша аударудан бас тарту керек. Төртіншіден, телефондағы құпия сөзді (пароль) жиіі ауыстырудың маңызы зор. Бұл жеке мәліметті басқа біреу пайдаланбауы үшін қажет» - дейді Айбек Тілешев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда алаяқ университетке ақысыз түсіремін деп үш адамның 1,2 млн теңгесін алғанын хабарлаған едік.


Up