Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бала күнімнен форма киіп, әскери болуды армандадым - тергеуші қыз

7 May 2021 16:33

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Бала күнімнен форма киіп, әскери болуды армандадым. Мені сол арманым адастырмай, полиция саласына алып келді». Көкшетау қалалық полиция басқармасының тергеушісі, полиция қызметкері Айғаным Ақпаева осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айғаным Қайратқызы 1997 жылы 12 ақпанда Ақмола облысы Зеренді ауданы Викторовка ауылында дүниеге келген.

2019 жылы М.С.Нәрікпаев атындағы КазГЮУ-ды «құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша бітірді.

2020 жылғы 13 ақпанда Көкшетау қалалық Полиция басқармасының мүліктік қылмыстар жөніндегі бөліміне қызметке орналасты. ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты М.Есболатов атындағы Алматы академиясында алғашқы дайындықтан өтті.

«Бала күнімнен форма киіп, әскери болуды армандадым. Мені сол арманым адастырмай, полиция саласына алып келді. Полиция жұмысы ауыр әрі жауапты. Соған қарамастан, бұл қызмет істеу өзіме ұнайды, мамандығыммен мақтана отырып, қоғамдық тәртіп сақтауды қалыптастыру жолында бар күшімді сарп етуге әзірмін. Еңбек жолымдағы менің ұстазым - полиция капитаны Еділ Жұмажанов қызмет барысында үнемі өзінің өмірден алған тәжірибесін бөлісіп отырады», - дейді Айғаным Ақпаева.




Кейіпкеріміз қазіргі таңда өжет мінезіне тән полиция саласының ыстық-суығына төзіп, тәжірибесін шыңдап келеді. Жақында Динара Шахманова есімді тұрғын оның атына Көкшетау қалалық полиция басқармасына Алғыс хат жолдапты. Онда Айғанымның қылмыстық істерді тергеудегі кәсіби шеберлігі айтылған.

«Зардап шеккен адамдарға көмектесіп, қылмыстың ізін суытпай қылмыскерді ұстау полиция қызметкерінің міндеті. Маған алданған әжелер, аталар немесе интернет-алаяқтықтан зардап шеккен адамдар қоңырау шалғанда, мен жас ұрпақтың өкілі ретінде олардың орнына өзімді қойып көремін, оларға көмектескім келеді»,-деп бөлісті Айғаным.

Күн мен түнді талғамайтын оның жұмысы еленіп, тергеу шараларын жүргізудегі ұқыптылығын әріптестері де оң бағалап отыр.

«Айғаным Ақпаева өзін өте сауатты қызметкер ретінде көрсете білді, өзіне жүктелген тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындайды» – дейді Көкшетау қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция майоры Қасым Жапаров.


Up