Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Банкрот деп танылған Петропавл халықаралық әуежайының қазіргі жағдайы қандай

25 September 2021 16:22

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл халықаралық әуежайын не күтіп, тұр, қордаланған мәселе қашан және қалай шешімін таппақ? ҚазАқпарат тілшісіне Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов сұқбат берді.

- Маусым айында Петропавл халықаралық әуежайының банкрот деп танылып, 109 жұмысшының еңбекақы бойынша қарызы шамамен 30 млн теңгеге жеткенін айтқан едік. Жұмысшылардың еңбекақы бойынша қарызы жабылды ма?

- Иә, «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ жұмысшыларына еңбекақы бойынша қарызы банкроттық басқарушымен шілде-тамыз айында толық жабылды. Қазір қарыз жоқ.

- Петропавл әуежайының дағдарысқа ұшырап, кейін банкрот болуына не себеп болды?

- СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 8 қазан 2013 жылғы шешіміне сәйкес Петропавл әуежайына сауықтыру рәсімі қолданылды. Нысан шығынсыз жұмыс істеуі үшін айына 80-85 рейс жасауы тиіс. Сондықтан ай сайын кредиторлық берешегі, соның ішінде еңбекақы қарызы мен міндетті төлемдер өсе берді. Коронавирус індеті жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. 2020 жылдың 28 желоқсаны күні СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әуежайды банкрот деп тауып, таратылуы тиіс деп шешім шығарды.

- Қазіргі уақытта мәселе қалай шешіліп жатыр?

- Бүгінде әуежайдың барлық дүиемүлкі, оның ішінде ұшу-қону жолағы, рулеж жолдары, әуе кемелерінің тұрағы, жолаушылар терминалы мен барлық арнайы техника республикалық меншіктен СҚО әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтіп, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының балансына алынды.

Осылайша, әуежай жабылған жоқ. Авиациялық апаттық-құтқару қызметтеріне, санитарлық авиацияға, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларына демеуқаржы арқылы ұшу мүмкіндіктері қарастырылған. Әуежай жұмысын жандандыру үшін қазіргі уақытта қызығушылық танытуы мүмкін инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

- Әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеуге және жолаушылар терминалын қалыпқа келтіруге қанша қаражат жұмсалды?

- 2015-2016 жылы республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлініп, бұл қаражатқа әуежайдың ұшу-қону жолағы жөнделді, соның ішінде жолақ 2800 метрге ұзартылды, ені 60 метрге дейін жеткізілді, жарық, радионавигациялық белгілер және метеоқондырғылар орнатылды. Бұған қосымша жолаушылар терминалы жөнге келтірілді.

Қазастан мен Ресей арасындағы ХV аймақаралық ынтымақтастық форумы қарсаңында әуе кемелері тұрағы екеуден сегізге дейін ұлғайтылды. Бұл мақсатқа 1,2 млрд теңге жұмсалды. Әуежай жолаушыларды және олардың жүгін тексеру үшін тиісті қондырғылармен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта мұнда 39 бейнекамера жұмыс істейді.

- Әуежайдың жұмысын қалыпқа келтіру үшін қандай іс-шаралар қабылданды?

- Қазіргі уақытта біздің басқарма құқық белгілеуші құжаттарды жөнге келтіріп жатыр. Өйткені әуежайдың аумағы және кейбір сипаттамалары бойынша сәйкессіздіктер бар. Келесі кезеңде сенімгерлік басқаруға беру үшін конкурс ұйымдастырылады. Қатысушыларға қойылатын тендерлік шарттардың бірі - жыл сайын әуежайға инвестиция құю. Сондай-ақ сенімгерлік басқаруға алушы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін тез тұрғызылатын металл ангар салуы тиіс. Жүк тасымалын ұйымдастыруға ұшу-қону жолағының беріктігі де қуаты да мүмкіндік береді. Өйткені әуежайлардың негізгі кірісі жүк тасымалы арқылы түсетінін тәжірибе көрсетіп отыр.

Бұдан басқа 2021-2025 жылдарға арналған СҚО-ны әлеуметтік-экономикалық кешенді дамыту жоспарына сәйкес демеуқаржы бөлу арқылы әуе бағыттарының саны көбейтілмек. Жоспар бойынша ұшақтар Алматы қаласына аптасына 3 рет, Нұр-Сұлтанға күнделікті, ал Түркістанға аптасына екі рет ұшатын болады. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан мен Түркістан қалаларына рейстер бар.

- Рахмет!


Up