Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Батыс Қазақстанда 33 мыңнан астам адам тұмауға қарсы егілді

15 October 2021 23:46

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 33 328 адам тұмауға қарсы егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, өңірде 15 қыркүйектен бері тұмауға қарсы егу жұмыстары жүргізілуде.

Оның айтуынша, бұл өткір респираторлық аурулар кезінде тұрғындардың тұмауға қарсы тұрақты иммунитетінің қалыптасуы үшін жасалады.

Биыл бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 68 мың дозасы сатып алынған болатын.

«Бір ай ішінде егілгендердің 4 709-ы – балалар, 28 619-ы – ересектер. Ересектердің ішінде 17 641-інің созылмалы сырқаты бар, 4 511-і – медицина қызметкері, 710-ы – жүкті әйелдер. Сондай-ақ жасы 15-тен асқан 822 оқушы, жабық мекемелерден (сәбилер, балалар үйлері, мектеп-интернат, мүгедек балаларға арналған интернат) 358 адам, мүгедектер мен қарттар үйлерінің 1078 тұрғыны екпе алды», деді М.Арыспаев.

Жыл сайын облыста тұрғындардың 10 пайыздан астамына екпе салынады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да он мектепте 12 сыныптың карантинге жабылғанын, үйінде оқшаулану талабын бұзғандар 6 млн теңге айыппұл төлегенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да шекарада санитарлық қадағалау шаралары күшейтілді.






Up