Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бір отбасын түгел қырып тастаған Қарағанды облысының тұрғыны сотталды

25 May 2022 14:41

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда бір отбасының үш адамын өлтірген азаматтың ісі қаралды. Сот Шет ауданы Ақадыр кентінің тұрғынын кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот ісі Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Қылмыстық іс материалына сәйкес, айыпталушы ұрлық жасағанын жасыру мақсатында отбасының үш мүшесін өлтірген.

Тергеу өткен жылдың 11 тамызында сотталушының әріптесінің гаражынан үрленетін резеңке қайықты ұрлап кеткенін анықтады.

Бір күннен кейін әріптесінің әйелі бұл жайтқа оның қатысы барына күдіктеніп, полицияға хабарлаймын деп қорқытқан.

Сотталушы ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорқып, пышақ алып, әріптесінің үйіне келген.

Ол бірінші әріптесінің әйелін кездестіріп, оған пышақ сұққан. Сосын қылмыскер олардың қызын да өлтірген.

Содан кейін қаскүнем жатын бөлмеге бет алып, онда отағасы ұйықтап жатқанын байқаған. Оның дәрменсіздігін пайдаланып, оны да өлтірген.

Барлық фактілерді ескере отырып, прокурор сотталушыны айыптаудың барлық баптары бойынша кінәлі деп тануды және оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот сотталушыны кінәлі деп тапты.

«Сот үкімімен Л. айыптаудың барлық баптары бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына сотталды. Жазаның алғашқы 5 жылын қылмыстық-атқару жүйесінің толық қауіпсіз мекемесінде өтейді. Іс бойынша жеңілдететін және ауырлататын мән-жай жоқ. Сот жаза тағайындау кезінде жасалған қылмыстың ауырлығы мен мән-жайы, үш адамның өлімін, жәбірленуші тараптың ұстанымын және сотталған адамның іс-әрекетке қатынасы, яғни өкінбегенін ескерді», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПМК баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, сот жәбірленуші тараптың сотталғаннан 15 000 000 теңге көлемінде моральдық зиянды толық көлемде өндіріп алу туралы азаматтық талап арызын қанағаттандырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысының полицейлері үш адамның өліміне қатысты қылмысты «ізін суытпай» ашқан болатын.


Up