Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биыл Қарағанды облысының 1200-ден астам тұрғыны көзіне тегін операция жасатты

23 April 2021 00:53

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының офтальмологиялық клиникалары 2021 жылдың 1-тоқсанында 1231 офтальмологиялық операция жасады.

Олардың ішіндегі ең көп тарағаны - катарактаны факоэмульсификациялау, содан кейін интраокулярлық линзаны енгізу, немесе көз бұршағын ауыстыру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Егер көз бұршағының үдемелі бұлдырауы нәтижесінде көру қабілеті жоғалса, бұл кез-келген жаста көру қабілетін қалпына келтіруге болатын операция.

Мұндай операция жасатуға көбіне көру өткірлігінің 50% немесе одан да көп жоғалуы, көздің алдында тұман немесе «перде» пайда болуы, түстердің нашарлауы, бұлыңғыр дақтар, көру қабілетінің жоғалуы секілді себептер негіз болады.

Балқаш қаласының тұрғыны Виктор көз бұршағын ауыстыру үшін Қарағандыға келді. Зейнеткерге ауруханаға жатудың қажеті болмады, өйткені операция күндізгі стационарда жүргізіледі. Факоэмульсификация кезінде бұлыңғыр көз бұршағы жұмсартылып алып тасталынады. Оның орнына жасанды интраокулярлық линза қойылды.

«Кеше мен клиникаға екі апта бойы жүргізілген барлық талдаулар негізінде келдім. Операция өте тез өтті. Осыдан кейін мені палатаға ауыстырды. Дәрігердің қарауынан кейін біраз уақыттан соң үйге жіберді. Бүгін таңертең мен дәрігердің қарауынан өттім. Бәрі жақсы, үйде уақытша таңғышты алып тастауға болады деп кеңес берді. Бір ай бойы көзге дәрі тамызу керек», - дейді Виктор.

2021 жылдың үш айында офтальмологтар өңірдің 479 тұрғынының көз бұршақтарын алмастырды. Медициналық сақтандыру Қоры бұл операциялар үшін 91,6 млн теңге төледі.

«Көз бұршағын ауыстыру операциясы МӘМС пакетіне кіреді және сақтандырылған азаматтар үшін ол тегін. Науқастар клиникаға жолдама алады, қажетті тексерулерден өтіп, операцияға түседі. Бұдан әрі Қор сараптама нәтижелері бойынша оны жүргізген медициналық ұйымға осы операция үшін қаржы төлейді», - деп қосты медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Көпобаев.

МӘМС пакетіне сондай-ақ ең қымбат офтальмологиялық операциялардың бірі витрэктомия кіреді. Бұл әдіс көздің шыны тәрізді денесінің ауруларын емдеу үшін, сондай-ақ көз торына операция жасау кезінде оны алып тастау үшін қолданылады. Операция тәулік бойы стационар жағдайында жүргізіледі. Әрбір осындай операция 386 мың теңге тұрады, сақтандырылған пациенттер үшін бұл тегін. Ағымдағы жылдың басынан бері 116 пациентке витрэктомия операциясы жүргізілді, олардың төлеміне Қор 45 млн теңгеге жуық қаражат бөлді.

Қарағандылық Дмитрий соңғы 8 айда үш рет офтальмологиялық операция жасатты. Жол апатына байланысты ер адамның көзінің торлы қабығының сылынып және көзінің шыны тәрізді бөлігіне қан құйылған. Екі операция өткен жылдың күзінде, тағы біреуі 2021 жылдың сәуірінде өтті. Дәрігерлер витрэктомия опрациясын екі кезеңде өткізді.

«Апаттан кейін менің екі көзім де көрмей қалды. Екі кезеңде дәрігерлер маған көзімнің көру қабілетін қайтарды. Мен екінші операциядан 3-4 күн өткен соң көре бастадым. Осы айда үшінші операция жасалды. Мен тағы 2 ай оңалтудан өтетініме қарамастан, өте жақсы көремін. Дәрігерлерге көп рахмет. Барлық операцияларды мен «сақтандырылған» болғандықтан тегін жасаттым», - дейді Дмитрий.

2021 жылдың 1 тоқсанында облыс клиникалары 263 млн теңгеге офтальмологиялық операциялар жасады.


Up