Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Чемпиондар лигасының финалы кезінде полиция 68 адамды ұстап әкетті

29 May 2022 15:56

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Сенбі күні Чемпиондар лигасының финалы кезінде және одан кейін Париж полициясы Франция астанасының Сен-Дени маңындағы «Стад де Франс» стадионында болған тәртіпсіздік кезінде әртүрлі тәртіп бұзғаны үшін 68 адамды қамауға алды. Бұл туралы L’equipe порталы жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жеңіл дене жарақатын алған 238 жанкүйерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

УЕФА мен Франция билігінің мәліметінше, Чемпиондар лигасының финалы алдындағы бейберекетсіздікке матчты көргісі келген мыңдаған адамның қолында жалған билеттердің болуы себеп болған. Стадионға кіреберістегі жанкүйерлердің көптігінен Чемпиондар лигасының финалы отыз минуттан астам уақытқа кешіктіріліп басталды.

«Матч басталуына аз уақыт қалған кезде «Ливерпуль» жанкүйерлері үшін бөлінген мінберлер жағынан «Стад де Франс» кіреберісіндегі турникеттерді кіреберісте жұмыс істемейтін жалған билеттерді сатып алған мыңдаған көрермен жауып тастады», - деп түсіндірді футбол ұйымы.

«Матч басталғаннан кейін стадион сыртындағы адамдар саны арта бергендіктен, Париж полициясы оларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды», - делінген билік мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасы финалында британдық «Ливерпуль» мен Испанияның «Реал Мадрид» командасы ойнаған болатын.

1:0 есебімен мадридтік клуб жеңіске жетті.


Up