Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Дәурен Сейітқалиев: Мақсатымыз – сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қадағалау

25 July 2021 18:44

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Елімізде ауыл әкімдерін сайлау алғаш рет тұрғындардың тікелей дауыс беруімен өтіп жатыр. Осыған байланысты «Партиялық емес байқау орталығы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалы жетекшісі Дәурен Сейітқалиев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметінше, Атырау өңіріндегі сайлау учаскелерінде дауыс беру кезінде заңға қайшы әрекеттер тіркелмеген.

«Атырау облысында ауыл әкімдерінің сайлауы 36 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Сайлау учаскелерінде 150-ге жуық байқаушы жұмыс атқаруда. Олар сайлау учаскелеріне таңғы сағат 6:00-ден бастап барды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң талабын бұзушылық байқалған жоқ» -дейді Дәурен Сейтқалиев.

Оның айтуынша, сайлау учаскелерінде дауыс беру санитарлық нормаларға сәйкес өтуде. Сайлаушылардың әкім сайлауына қатысу белсенділігі байқалады.

«Ауыл әкімдерін сайлау - еліміздегі демократиялық жаңғырудың маңызды қадамы. Осынау үрдіске біз де үлес қосуды көздедік. Біздің негізгі мақсатымыз – сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қадағалау. Тұрғындар бұл сайлауға қызығушылық танытып, белсенділікпен дауыс беріп жатыр. Ауыл әкімін сайлауға әр тұрғынның арнайы келіп, өз таңдауын жасауы – еліміздің демократиялық жолмен өркендеуіне қосылған үлес» дейді Дәурен Сейітқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 36 сайлау учаскесінде дауыс беріліп жатқанын, сайлаушылар белсенділігі байқалып, әкім сайлауын 125 байқаушы бақылайтынын жазған болатынбыз.


Up