Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехия мен Словакияда қайтыс болған солдаттардың туысы іздестірілуде

21 January 2022 22:50

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстікқазақстандық ғалым Анатолий Плешаков Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен және майдан даласында мерт болған жауынгерлердің туған-туыстарын іздеп жатыр. Оған Чехиядағы әріптестері өз елдерінде жерленген 500-ге жуық жауынгердің тізімін жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Анатолий Плешаковтың айтуынша, жақында оны қолына құнды құжат түскен. Бірнеше беттен тұратын тізімде Ұлы Отан соғысында бұрынғы Чехословакия және Смоленск облысында майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөні, туған жері, жылы және нақты қай жерде жерленгені көрсетілген.

«Маған тізімді берген адам Виктор Бородин Иркутскіде тұрады. Бірақ ол бірнеше жыл біздің Петропавлда еңбек етіп келеді, орыс қауымдастығының қызметкері. Ол менің отбасымды жақсы біледі. Сол кісі маған қоңырау шалып, Чехия мен Словакияда Екінші Дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың тізімі бар, сол жауынгерлердің туыстарын тауып, хабарлау керек, осы тізіммен айналысасың ба деп сұрады. Оған тізімді «Россотрудничество» агентігінің өкілдері жіберген екен. Әрине, мен бірден қызығушылық таныттым. Өйткені тарихшымын ғой. Әкем Андрей Иванович Плешаков та соғысты Чехославакияда аяқтаған. Петропавлдағы «мәңгілік алауды» менің ағам тұрғызған. Сондықтан бұл іс мен үшін аса маңызды», -дейді Анатолий Плешаков.




Тізімде СҚО жауынгерлері ғана емес, еліміздің Шымкент, Қызылорда, Алматы сияқты басқа өңірлерінен соғысқа аттанғандардың есімдері жазылған.

«Орталық Қазақстанның да тумалары бар, бұл тізімдерді саралайтын боламын. Басқа өңірлердегі таныстарыммен, әріптестеріммен хабарласып, оларға да тізімді жіберемін. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Біздің жоғары оқу орнында басқа өңірлердің жастары оқиды, сондай-ақ әскери институтта оңтүстіктен келіп білім алып жатқан жастар көп. Солар арқылы іздейміз. Араларында ауылдастары болуы мүмкін ғой. БАҚ-та тізімдерді жариялаймыз. Бұл құжатты біз облыстық газеттерде жариялауға келістік. Кейін тізімде көрсетілген әр адам бойынша жұмыс істейміз. Кезінде хабар-ошарсыз кетті деген жауынгерлердің туыстары аталарының қайда жерленгендерін білуі керек. Бұл өте қажет іс деп ойлаймын. Соғыс қаншама адамның болашағын жойды, тамырына балта шапты, өрімдей жігіттер қыршын кетті. Егер соғыс болмағанда қазір халқымыз екі есе көп болар ма еді. Майданда қаза тапқан жауынгерлердің артында туыстары қалды, олар батыр аталарын ұмытпайды, қайда жерленгенін білулері тиіс. Жақында маған зираттардың фотосуреттерін жібереді, мен туыстарын тауып, оларға беруге тырысамын», - дейді профессор.

Анатолий Плешаковтың қолындағы тізімге Қазақстан бойынша шамамен 400-500 адамның есімі енген. Айтуынша, қазір Чехияда тағы да тізімдерді жасап жатыр.

«Елімізде, менің ойымша, олар хабарсыз кеткендер санатында немесе туыстары соғыста қаза тапқанын біледі, бірақ қайда жерленгенінен хабарлары жоқ. Ал менің қолымдағы тізімде олардың аты-жөні ғана емес, жерленген орындары да көрсетілген. Кей жауынгерлерді сондағы жергілікті халық қайта жерлеген, яғни, ұрыс даласында қаза тапқан оларды бауырластар зиратына жерлеген.

Тізім жақында ғана қолыма тиді. Сондықтан әзірге бір отбасыны ғана таптық. Тағы екі отбасы бойынша сұрау жібердік. Осы тізім бойынша 8-10 жауынгердің отбасын тапсақ та бұл үлкен жетістік», - дейді Анатолий Плешаков.


Up