Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елбасы қиын кезеңде еліміздің білім саласына көп көңіл бөлді - депутат Жұлдыз Сүлейменова

7 December 2021 11:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы ел тізгінін қолына алған алғашқы күннен-ақ бастап, қиын кезеңде еліміздің білім саласына көп көңіл бөлді. Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракцияның мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласына орай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Елбасы мақаласында еліміздің Тәуелсіздігінің қастерлі екендігін, аяулы екендігін және оны көзіміздің қарашығындай қорғау – ең басты міндетіміз екенін тарихтың толғанысты сәттерімен жеткізген.

«Барлығымыз тәуелсіздік алған 90-шы жылдардың куәгеріміз, мен 1991 жылы мектеп табалдырығын аттаған оқушы едім. Тәуелсіздікпен өсіп, егемендікпен ер жеттік. Қандай қиын кезеңді артқа тастап, бүгінде қай сала болмасын ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз бар. Осы жетістіктердің артында Елбасымыздың халқымыз үшін жасаған маңызды мемлекеттік шешімдері әрі батыл реформалары тұр.

Елбасы ел тізгінін қолына алған алғашқы күннен-ақ бастап, қиын кезеңде еліміздің білім саласына көп көңіл бөлді. Соның арқасында білім және ғылым елімізде жаңаша қарқынмен дамыды. Мемлекетіміздегі білім саласына қатысты саясат әу бастан дұрыс жүргізілді. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінен Елбасы мемлекет дамуының негізгі межесі әрі темірқазығы ретінде – білім мен ғылым саласын айқындады. Үнемі жаңашылдыққа ұмтылды, сөйте тұра өз менталитетімізді, бірегей болмысымызды жоғалтпауға көп назар аударды», - деді депутат.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, уақыт пен кеңістік үшін 30 жыл небәрі қас-қағым сәт. Бірақ, осы аралықта, Елбасымыз халқымызды барлық қиындықтардан аман-есен сақтап, еліміздің абыройын асқақтатып, білім мен ғылым саласында зор табыстарға жеткізді. Соның негізінде, 30 жылдық қалыптасу мен дамудың мемлекеттік тарихында білім саласы еліміздегі әлеуметтік, ғылыми-техникалық және интеллектуалды капиталды дамытудың шешуші факторына айналды.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған инновациялық жобалар жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, жан-жақты дамуды қамтамасыз етті», деді Жұлдыз Сүлейменова

Оның айтуынша, бүгінгі таңда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізді одан әрі өркендету жолында тиімді реформаларды сабақтастықпен жалғастыру үстінде.

Елбасы «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында: «Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін. Сол үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандастарымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қандастарымызды шет елдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек. Еліміз тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде көптеген қиындықты еңсеріп, ұланғайыр табыстарға қол жеткізді. Алда алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз де, ықтимал сын-қатерлер де аз емес», – деп атап өтті.

«Расында, қазіргі өмір сүріп жатқан заманды футурологтар «қысқа көкжиектер» кезеңі немесе турбулентті уақыт деп атайды. Пандемия кезеңінде үнемі икемделуді, жағдайға қарап лезде шешім қабылдауды үйреніп келеміз. Қазіргі технологиялардың білім беруге тигізетін әсері, құндылықтар дағдарысы, ғаламдық ақпараттың толқыны, экономика мен еңбек нарығы жаңа шешімдерді іздеуге негіз болары сөзсіз.

Бұл турасында, Елбасымыз: «Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отанының қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін. Кейіннен әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері желісі, ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арналған «Астана-хаб» халықаралық технопаркі ашылды. Біздің жастар осындай ілгерішіл өзгерістердің көш басында болуы қажет», – деген ойы арқылы ғаламдық бәсекеге қабілетті дарынды жастарымызға алдағы 30 жылда, елдігімізді нығайтудың жаңа кезеңінде үлкен сенім артып отыр», - деді депутат.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, елімізде тәуелсіздік жылдары мыңдаған мектептер және балабақшалар бой көтерді, ұстаздарды мәртебесіне сай қолдау және ынталандыру шаралары тұрақты өсуде.

«Жоғары оқу орындарын заманға сай дамыту, ғалымдарымыздың ізденісіне қажетті гранттар бөлу, «Болашақ» бағдарламасы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері», Назарбаев Университетін құру білім саласын дамытуға арналған инновациялық шешімдер болғаны, рас. Назарбаев Зияткерлік мектептері желісі және Назарбаев Университеті Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығында еліміздің ұлттық бренді ретінде қалыптасып, Қазақстанның интеллектуалды элитасын тәрбиелеудің іргетасы ретінде мемлекет тарихында орта білім, жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытуға негіз болды, мектептердің, университеттеріміз бен ғылымды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты. Ендігі меже, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейінде сапалы үздік білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, сонымен қатар Назарбаев Университеті тәжірибесі негізінде 2 озық өңірлік жоғары оқу орнын құру, ғылымды қолдау, зияткерлік әлеуетті дамыту үшін бәсекеге барынша қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтарын құру», - деді ол.

Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, қандай еңбек нарығы орнап, постмодернисттік, ақпараттық және постақпараттық кезеңде қандай қайшылықтар болмасын, девальвацияға ұшырамайтын басты құндылықтар – адамның білімі, адамгершілік және рухани әлеуетін көрсететін тәрбиесі, қалыптасқан дағдысы, құзыреттілігі, әлеуметтік ортада өзінің жетілуі.

«Міне, тәуелсіздік жылдарында білім мен ғылымды дамытуда ізгі бастамаларды көтеріп, Жастарға үнемі сенімі мен мол мүмкіндіктерге жол ашқан үлкен жүрегі және батылдығы үшін Елбасымызға азаматтық ризашылығымды білдіремін!

Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығы баршамызға құтты болсын! Айтулы жақсылықтарға, жаңа жетістіктерге бастасын», - дейді ол.


Up