Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елорда тұрғындары қаржы пирамидаларына 3,5 млрд теңге ақша салған

19 May 2022 10:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан полицейлері қала тұрғындарын 3,5 миллиард теңге шығынға батырған қаржы пирамидалары бойынша 10 қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Astanatv.kz сайтына сілтеме жасап.

Биыл елорда тұрғындарының арасында «Otbasy men jastardy qoldau qory» деп аталатын корпоративтік қорының салымшылары ең көп зардап шеккен. Әлеуметтік жобаның атын жамылып жұмыс істеп жүрген пирамида өз салымшыларына баспана алуға көмектесуді уәде етіп, 100-ден астам адамнан 1,6 млрд теңге жинаған.

Тәртіп сақшылардың айтуынша, мұндай ұйымдардың «торына» көбіне халықтың әлеуметтік осал топтары түсіп жүреді.

«Қаржы пирамидаларымен күресте халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Күн сайын 102 нөміріне 50-ден 60-қа дейін шағым түсіп, ондаған қылмыстық іс қозғалады. Адамдар миллиондап несие алып, анығына көз жеткізбей, басқалардың қолына тапсыра салады», - деді Нұр-Сұлтан қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Талғат Бөлегенов.

Жыл басынан бері пирамидадан зардап шеккендер 47 миллион теңгені ғана қайтара алған. Мамандар бұл мәселені шешу үшін халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Парламент депутаттары қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін жауапкершілік туралы заң жобасына бастамашы болды. Құжат маусым айының соңына дейін қабылдануы тиіс.


Up