Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада ЖРВИ-мен ауырғандар саны күрт артты

30 November 2021 14:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында ЖРВИ жұқтырғандар санының күрт өсуі байқалады. Бұл туралы елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Эпидемиялық маусым басталғалы бері елордада ЖРВИ ауруының 44 392 жағдайы тіркелді. Оның ішінде А типті тұмаудың 32 жағдайы есепке алынып отыр. ЖРВИ-ды жұқтыру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 3748 адамды құрап отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңінің салыстырғанда 6,4 есе жоғары. Аталған инфекция көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралып отыр. Олардың үлесі 60,8% -ды құрайды. Сондай-ақ, 1 жасқа дейінгі ауырған балалардың үлесі 6 % және жүкті әйелдер үлесі 3,3%- ды құрайды», - деді Сархат Бейсенова.

Елорданың бас санитар дәрігері ЖРВИ-дің балалар арасында жиілеуінің себебін оқу жылының басталуымен байланыстырып отыр.

«Бұл мектеп, орта арнаулы және ЖОО-да оқу жылының басталуымен байланысты. Жалпы ЖРВИ жұқтырушылардың 27,8% оқушылар және 16,2% мектеп жасына дейінгі балалар және 7 % студенттер құрап отыр», - дейді ол.

Оның айтуынша, елордада 170 мыңнан астам тұрғын ЖРВИ-ға қарсы вакцина алды.

Сондай-ақ, маман ЖРВИ-дан сақтану шараларына қатысты кеңес берді:

- адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көлікте болу уақытын шектеу;

- адамдар көп жиналатын жерлерде маска киіңіз;

- аурудың белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болыңыз;

- қолды сабынмен жуу, құрамында спирт бар, дезинфекциялық майлықтармен өңдеу;

- әлеуметтік қашықтықты сақтау;

- мұрын қуысын тұзды ерітіндімен ылғалдандырыңыз немесе көшеден кейін тұзды ерітіндімен шайыңыз, оксалин жақпа майын және дәрумендерді қолданыңыз;

Егер сіз ауырып қалсаңыз, асқынулардың алдын алу үшін уақтылы медициналық көмекке жүгініңіз және инфекцияның өзгелерге және жақын адамдарға таралуын тоқтату үшін барлық сақтық шараларын қолданыңыз!


Up