Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Францияның әскери атташесі қазақстандық бітімгерлерді даярлау орталығында болды

26 November 2021 15:21

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Франция Елшілігінің жанындағы Француз Республикасының Әскери атташесі полковник Жан-Филипп Тардье Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлерді даярлау орталығына барып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылау және Франция Қарулы Күштерінің өкілін Француз Альянсы ұйымдастырған бітімгерлерге арналған француз тілін оқытудың қарқынды курсын өткізу барысымен таныстыру үшін ұйымдастырылды.

Полковник Жан-Филипп Тардье тыңдаушылармен әңгімелесті. Ол ел офицерлерінің осындай қысқа уақыт ішінде қол жеткізген машықтарының деңгейі жоғары екенін атап өтті. Айта кетсек, Бітімгерлерді дайындау орталығында 20 қыркүйек пен 7 желтоқсан аралығында француз тілін үйренудің бастапқы қарқынды курсы өтіп жатыр. Қорытынды емтиханды сәтті тапсырғандарға халықаралық сертификаттар беріледі.

Курс тыңдаушысы – бітімгерлік және тілдік даярлықты талдау және бақылау басқармасының бастығы полковник Руслан Мейірманов полковник Тардьеге оқуды ұйымдастыруға қосқан жеке үлесі үшін алғыс білдірді. Ол бітімгерлер үшін француз тілін үйренудің маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Өйткені екінші ресми тіл француз тілі болып саналатын елдерде БҰҰ-ның бірқатар бітімгершілік миссиялары атқарылады. Олар: Орталық Африка Республикасы, Мали, Конго Демократиялық Республикасы және басқалар.





Up