Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ХҚО-ларда жеке куәлік үшін төлемді QR-код арқылы жасауға болады

28 September 2021 21:39

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында төлқұжат пен жеке куәлік үшін төлемді QR-код арқылы жасауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ХҚО-ларда төлқұжат пен жеке куәлікті ресімдеген клиенттер мемлекеттік бажды QR код арқылы төлей алады. Азаматтарға арналған үкімет ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп осындай жаңашылдықты енгізіп отыр.

«Клиент төлқұжат пен жеке куәлікті ресімдеуге өтініштер қабылдайтын көші-қон қызметі операторына жүгінген сәтте, кассаға бармай-ақ бірден Homebank немесе Kaspi банк қосымшаларының QR төлем жасау жүйесі арқылы баж алымын төлей алады. Санаулы секунд ішінде төлеу – әрбір екінші қазақстандыққа қолжетімді цифрлық мүмкіндік. Бұдан бұрын QR кодпен жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, кондоминиум объектілері бойынша қызметтерді және жер қатынастары саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтерді төлеуге болатын. Енді кассаға кезекке тұрмай-ақ құжаттандыру қызметінің алымдарын да төлеу мүмкіндігі бар», – деді филиал директоры Азамат Есембулов.

Оның айтуынша, осы жылдың сегіз айының ішінде шығысқазақстандықтарға паспорттар мен жеке куәліктер беру бойынша 105 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Жеке куәлік үшін мемлекеттік баж мөлшері – 584 теңге, ал паспорт үшін – 23 336 теңгені құрайды.


Up