Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қарағанды облысында қысқы ҰБТ 25 қаңтарда басталады

20 January 2022 17:34

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің қысқы кезеңін 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өткізу жоспарланған. Тестілеу барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, үш пунктіде ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҰБТ өткізу пунктілері орналасқан жерлер: Қарағанды қаласы, Қазақстан к-сі, 15а; Балқаш қаласы, Қазбеков к-сі, 12 (Балқаш көпсалалы колледжі); Жезқазған қаласы, Байқоңыров к-сі, 123.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны. 2021 жылдан бастап ҰБТ «бір компьютер – бір камера – бір тестіленуші» қағидаты бойынша электрондық форматта өткізіледі», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығы Қарағанды филиалының басшысы Динара Баймағамбетова.

Тестілеуге бес мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Тіркелу кезінде түлектер ҰБТ тапсыру күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды.

«Тестілеу кезінде ҰБТ өткізу пунктінің аумағында ата-аналардың, мұғалімдердің және басқа да адамдардың болуына жол берілмейді. Аудиторияларға тест тапсырушыларды қашықтықты сақтай отырып, баррикадалық таспалар арқылы кезек-кезекпен өткізеді. Түлектер бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта отырғызылады. Әрбір тестіленушінің органикалық шынымен қоршалған өз орны бар», – деді Динара Баймағамбетова.

Короновирус инфекциясының таралу қаупін азайту үшін тестілеу пунктілерінде түлектер бетперде кию керек. Термометрия да жүзеге асырылады. Барлық пунктілер санитайзерлермен, шектеу ленталарымен, дезинфекциялау кілемшелерімен жабдықталған. Әрбір аудиторияда пайдаланылған маскаларға арналған урналар, рециркуляторлар және бактерицидті шамдар орнатылған.

Білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысу үшін немесе ақылы негізде оқуға қабылдану үшін мынадай шекті балдар белгіленген:

- «Педагогикалық ғылымдар» – кемінде 75 балл;

- «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» – кемінде 65 балл;

- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балл;

– Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 50 балл.

Бұл ретте тестіленуші әрбір пән бойынша кемінде 5 балл жинауы тиіс. Жалпы, түлектерге 120 сұрақ беріледі. Олардың дұрыс жауаптары 140 балл боп есептеледі. Яғни, мамандандырылған пәндерде кейбір сұрақтар 0-ден 2 балға дейін, ал қалған сұрақтар 1 балмен бағаланады.


Up