Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық туралы баяндалды

19 July 2021 19:46

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жылу беру маусымы басталғанға дейін сегіз энергостанцияда 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қысқа дайындық тұрақты бақылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс барысы туралы есепті өңір басшысы Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте тыңдады.

«Жылыту маусымына дайындық жұмыстары мамыр айында басталды. Сегіз энергия көздерінде 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу көзделген. 72 қазандық, 693 автономды жылыту жүйесі, сондай-ақ коммуникациялар дайындалады. Қазіргі уақытта облыстың барлық станцияларында негізгі және қосалқы жабдықтарда жоспарлы күрделі жөндеу жүргізілуде», – деп баяндады энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Оның айтуынша, қыс айларына қажетті көмір сатып алу басталды.

Проблемалық нысандарға ерекше назар аударылады.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-де екі қазандық пен екі турбинаны күрделі жөндеу, сондай-ақ жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге бір қазандықты ағымдағы жөндеу жоспарланған. Бүгін бір қазандық пен бір турбинаға күрделі жөндеу жүргізілуде», – деді Теміртау әкімі Қайрат Бегімов.

Оның айтуынша, шілде-тамыз айларында жұмыстың осы бөлігін аяқтау жоспарланған. Ал қалған жоспарланған жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталуы тиіс. Жетінші қазандықтың құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталды.

Балқашта жылыту маусымына орай Қоңырат шағын ауданына дейін жаңа жылу магистралі іске қосылады. Қала әкімі Ораз Тәуірбековтың мәліметінше, тамыз айында желіні сығымдау, ал қыркүйекке дейін нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Қазіргі уақытта Қарағандыда жоспарланған 17 жылу жүйесінің 9,5 шақырымы жөнделді. Сортировка тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін құбырлардың жылу оқшаулағышы қалпына келтірілді. Сонымен қатар, биыл облыс орталығының 30-шағын ауданындағы жылу желілері ауыстырылады. Бұл сондай-ақ жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырады.

Жеңіс Қасымбек тұрғындар уақытында қара отынды жинап алуы үшін сату орындарында тұрмыстық көмірдің бар-жоғын мониторингілеуді тапсырды.

«Жылыту маусымына дайындық мәселелері тұрақты бақылауда. Мерзімдерді бұзуға жол берілмейді», – деп атап өтті облыс әкімі.


Up