Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қаржы пирамидасына басшылық еткен ақтөбеліктен 70 млн теңге өндірілді

25 November 2021 13:29

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде қаржы пирамидасы деп танылған «Golden city-200» ЖШС-не басшылық етіп, адамдарға шығын келтірген Қайрат Ізтілеуге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы бойынша Қайрат Ізтілеуге қатысты тергеу жүрді. Облыстық полиция департаменті хабарландыру арқылы ж әбірленушілерді іздеді. Ал бүгін Ақтөбе қаласының №2 сотында сотталушы Қайрат Ізтілеуге қатысты қылмыстық іс қаралып, үкім шықты. Іс материалына сүйенсек, 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 2020 жылдың ақпан айына дейін Қ.Ізтілеудің қаржы пирамидасы болып табылатын филиалды басқарып, «Golden city-200» ЖШС заңсыз қызметін жүзеге асырған. Жалған шарттар жасасып, азаматтарға жоғары сыйақы үшін төлемдер алатынына кепілдік бергені анықталды. Қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде жәбірленушілерге 71 550 000 көлемінде материалдық залал келтірілді.

«Сот отырысында сотталушы қылмыс жасағаны үшін өзіне тағылған айып бойынша кінәсін мойындады. Сотталушының кінәсі куәлар мен жәбірленушілердің берген айғақтары, сот отырысында зерттелген іс бойынша басқа да дәлелдемелердің жиынтығымен дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы соттан Қ.Ізтілеуге 7 жыл мерзімге басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде жеңілдетілген және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі. Сотталушы Қ.Ізтілеудің кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Бұл қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән жайларға жатады. Мемлекеттік айыптаушы қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайларды анықтамады. Сот үкімімен

Қ.Ізтілеуге 7 жыл мерзімге коммециялық мекемелерде басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жәбірленушілердің пайдасына 70 350 000 тенге өндірілді», - деді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Up