Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан мен Франция 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық жол картасына қол қойды

13 May 2021 11:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Франция 2030 жылға дейінгі ынтымақтастықтың Жол картасына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан мен Франция 2030 жылға дейінгі экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың бірлескен Жол картасына қол қойды.

Құжатқа ҚР СІМ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, екі елдің елшіліктері және «MEDEF» француз кәсіпкерлері қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық жөніндегі министр-делегат Франк Риестердің Қазақстанға сапары аясында қол қойылды.

Франк Риестер атап өткендей, Франция Президенті Эмманюэль Макрон бастаған бұл құжат екіжақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін белгілеп, екіжақты байланыстарды дамытуға қуатты серпін береді.

«Француз-қазақстандық стратегиялық серіктестік ұзақмерзімді бірлескен жобаларға негізделген. Жиырма жылдан астам уақыт бойы ірі француз өнеркәсіптік топтары өндіруші энергетика, авиация, теміржол жабдықтарының құрылысы және ғарыш саласы сияқты негізгі салаларда қазақстандық компаниялармен әріптестік қатынастарды жолға қою туралы шешім қабылдады. 2018 жылы біздің елдеріміздің президенттері 2021-2030 жылдарға арналған француз-қазақстандық экономикалық ынтымақтастығының жол картасына бастамашы болды. «Жол картасы» таяудағы он жылға біздің екіжақты экономикалық қатынастарымызға жаңа серпін береді. Менің ойымша, француз-қазақстандық экономикалық қатынастар көптеген бастамалармен келесі онжылдық ішінде әртараптандырылып, үнемі кеңейе түсуі үшін барлық жағдай жасалған. Жақын арада нақты жобалар жүзеге асырылады деп ойлаймын», - деді Франк Риестер.




Айта кету керек, делегация құрамына бірқатар ірі француз компанияларының өкілдері кірді. Олардың қатарында әлемге әйгілі «Airbus», «Air Liquide», «Saint-Gobain», «Orano», «Total Eren», «Vicat», «Thales», «Idemia», «Tractebel», «Alstom» компанияларының басшылары, «BPI France» бизнеске жәрдемдесу институты, Lazard Freres» қаржы институты және басқалар.




Сапар аясында шетелдік делегаттар ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхановпен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, қаржы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшылығымен кездесулер өткізді.




Диалог барысында тараптар екі елдің бизнес құрылымдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың, сондай-ақ энергетика, су шаруашылығы және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық денсаулық сақтау, биометриялық жүйелер, автомобиль жасау, трансформаторлар өндірісі, ғарыштық спутниктерді құрастыру және басқа салалардағы бірлескен жобаларды іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға және франциялық AFD даму агенттігі мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.








Up