Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстан мен Түркия нәресте реанимациясы бойынша бірлескен жобаны іске қоспақ

23 May 2022 16:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Түркия мамандары жаңа туған нәресте реанимациясы бойынша бірлескен жобаны қолға алмақшы. Қазір бұл құжат екі елдің мемлекеттік органдарының мақұлдауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚазАқпарат агенттінің сауалына жолдаған жауабында айтты.

«Жобаның негізгі мақсаты – отбасы медицинасында, инфекциялық және инфекциялық емес аурулармен күресте, дәрігерлерді оқыту ісінде және ана мен бала өлімін азайту бағытында тәжірибе алмасу. Қазір аталған келісім мемлекеттік органдардың мақұлдауында жатыр», - деп жазылған ведомствоның мәліметінде.

Құжаттың тағы бір бағыты бойынша ауруханаларды басқару, фармацевтика, медициналық бұйымдар мен қондырғылар өндірісі, вакцина әзірлеу және косметикалық өнім шығару ісі саласында ақпарат және тәжірибе алмасу көзделіп отыр. Сондай-ақ медицина персоналының әлеуетін арттыруға бағытталған қысқа мерзімді тренингтер өткізу, сарапшылар мен кеңес беру қызметін алмасу, денсаулық сақтау саласындағы адам капиталын дамыту бойынша әріптестікті нығайту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Түркия мемлекеттік сапары аясында екі елдің басшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөнінде мәлімдеме жасаған болатын.

Ол мәлімдемеде тараптар сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, экономика, сауда, инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, ғылым және технология, көлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және киберқауіпсіздік, энергетика, қоршаған орта және урбанизация, денсаулық сақтау, отбасы және әлеуметтік қызметтер, азық-түлік, ауыл шаруашылығы, апаттар мен төтенше жағдайлар, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникациялар, мәдениет, туризм, спорт, архив салаларындағы ынтымақтастық пен үйлестіруді тереңдету және осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастық тетіктерін ұлғайту арқылы оларды барынша пайдалануға келісім жасалғаны айтылған.


Up