Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандық теннисші алғаш рет челленджер турнирінің жартылай финалына өтті

19 May 2022 19:45

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстандық Бейбіт Жукаев жұптық сында Шымкентте өтіп жатқан BeeTV Challenger 80 турнирініңжартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау қаласының түлегі, 21 жастағы теннисші ресейлік Алибек Качмазовпен бірге ширек финалда жарыстың 4-ракеткалары, ресейліктер Евгений Тюрнев - Евгений Карловскиймен күш сынасты.

Қазақстандық-ресейлік жұп бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Бейбіт пен Алибек бәсеке барысында 4 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді.

«Алғаш рет челленджер турнирінің жартылай финалына шыққаныма қуаныштымын. Ширек финалдағы тартысты матчта жеңіс үшін барымызды салдық. Енді ертең жартылай финалда доданың екінші ракеткалары, өзбекстандық Санжар Файзиев - грекиялық Маркос Каловелониспен кездесеміз. Финалға шығу үшін үздік өнер көрсете білуіміз керек», деді Б.Жукаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың төрт айдан кейін тенниске қайта оралғанын, Александр Недовесовтің Франциядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Up