Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирустың жаңа штамдарының таралуы: Балалардағы алғашқы белгілер

26 September 2021 22:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Егер пандемияның басында балаларда коронавирус көп жағдайда жеңіл немесе асимптоматикалық түрде өтсе, вирустың жаңа штамдарының пайда болуымен ауру күшейе түсті. COVID-19 белгілері және оның балаларға қалай әсер ететіні жөнінде педиатр, инфекционист, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар инфекциясы кафедрасының профессоры Лəззат Ералиева айтып берді. ҚазАқпарат бұл туралы елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Педиатрдың айтуынша, әлемде COVID-19 вирусының ауыр түрімен ауыратын балалар жиі тіркеле бастады. Бұл жаңа, анағұрлым агрессивті және жұқпалы коронавирус штамдарының пайда болуымен байланысты.

«Ковидті тудыратын SARS-CoV-2 вирусы баланың денесіне ауа тамшылары немесе байланыс арқылы (заттар арқылы) енеді. Балаларда COVID-19-дың алғашқы белгілері ересектерде секілді, инфекция жұққан соң орта есеппен бір аптадан кейін пайда болады. Иммунитеті әлсіз балаларда инкубациялық кезең 2-3 күнге дейін қысқарады. Бастапқы кезеңде ауру қарапайым суық тигенге ұқсайды: тамақ ауырып, мұрын бітеледі және дене температурасы жоғарылайды», - деп түсіндірді Ләззат Ералиева.

Оның айтуынша, келесі 2-3 күн ішінде алдыңғы белгілерге жеңіл жөтел, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, кеудедегі ауырсыну, ентігу және үлкен дәреттің сұйық болуы қосылады.

КВИ-дің аса ауыр ағымы бір жасқа дейінгі балаларда және созылмалы патологиялары мен қосымша аурулары бар 15 жастан асқан жасөспірімдерде байқалады.

«Әдетте, балалар ауырғаннан кейін 7-11 күнде қалыпқа келе бастайды. Балада COVID-19-ға тән алғашқы белгілер пайда болған кезде бірден педиатр шақыру керек. Ең бастысы мынаны есте сақтаңыз: балаға өз бетінше диагноз қоюға, өз бетінше емдеуге және өзге де белгілердің пайда болуын күтуге мүлдем болмайды!» - деп атап өтті медицина ғылымдарының докторы.

Ол қазіргі уақытта балаларды коронавирустан қорғаудың нақты құралдары жоқ екенін айтты.

Балаларды вирустан қорғаудың жалғыз әдісі – ересек тұрғындарды вакциналау және инфекцияға шалдыққандармен байланысқа түспеу.


Up