Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қысқы Олимпиада: Қазақстанда спорттың 8 түрінен 82 жолдама бар

18 January 2022 20:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 17 қаңтар күні ақ Олимпиада ойындарына арналған барлық іріктеу және рейтингілік додалар аяқталып, лицензиялардың басым бөлігі үлестірілді. Нәтижесінде Қазақстандық атлеттер спорттың 8 түрінен 82 жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткендей, шаңғы жарысы бойынша қоржында 30 жолдама бар. Фристайлшылар тоғыз жолдамаға ие болған. Соның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар. Конькишілер мен биатлоншылар – 12, шорт-трекшілер 9 жолдаманы қоржынға салды. Тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары 4 жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар екі лицензияға ие болды.

Бүгінгі таңда олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енді. Айта кетерлігі, бұл спортшылардың соңғы әрі нақты саны емес. Себебі ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде. Атап айтқанда, биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатикадан тағы да жолдамалар үлестірілуі мүмкін. Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады.

Бүгін, 18 қаңтар күні Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының дайындығы жайында жиын өткізді. Министр Олимпиада ойындарында ұлттық құрама алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталды.

«Ел үшін қазіргі қиын жағдайда, соның ішінде коронавирус инфекциясының көбеюі кезінде біз спортшыларымызға алдағы Олимпиадада допингісіз, жанжалсыз, лайықты өнер көрсету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналған Олимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасап, спортшыларды дайындау, сапалы жаттығу, оқу-жаттығу жиындары және іріктеу жарыстарына қатысу қаржыландырылды», - деді Мәдениет және спорт министрі.

«Бүгінгі күннің басты міндеті – спортшылар мен жаттықтырушылар денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау. Олардың көпшілігі, яғни іріктеу турнирлерін аяқтағандар соңғы апта бойы жабық карантиндік аймақтарда орналасты. Онда дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Әлемдік додалар аяқталған соң Бейжіңге ұшпас бұрын спортшылар карантинде уақыт өткізеді», - дейді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

Ойын кезінде Олимпиада ауылының тұрғындарынан күн сайын ПТР-тест алынып, денсаулығы тексеріледі, жаздағы Токио Олимпиадасының үлгісі бойынша қатысушылардың орналасқан жері арнайы телефон қосымшасы арқылы бақыланады.

Қазақстан құрамасы 27 қаңтар күні «Air Astana» чартерлік рейсімен Нұр-Сұлтаннан Алматы арқылы Бейжіңге аттанады. Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасының таныстырылымы 20 қаңтарға жоспарланған.

Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады және 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.


Up