Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қытайлық сарапшылар коронавирустың жаңа түріне байланысты дүрбелең тудырмауға шақырды

28 November 2021 03:41

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайлық сарапшылар B.1.1.529 деп танылған COVID-19-дың жаңа штаммының табылуына байланысты дүрбелең тудырмауға шақырды. Себебі, мутация саны инфекция жоғары болғанда ғана көбеймейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Хуанцю Шибао» басылымына сілтеме жасап.

Гонконг университетінің профессоры Цзинь Дунъяньның айтуынша, қоғам коронавирустың жаңа штамына қырағы болуы керек, бірақ дүрбелең тудырмау керек.

«Оның жаһандық қаупі туралы және вакцинаның оған ықпалы туралы деректер немесе дәлелдер жоқ», - деп келтіреді «Хуанцю Шибао» сарапшының сөзін.

Қытайлық иммунолог Чжуан Шилихэ коронавирустың әлемдегі ең күшті және үстем түрі «дельта штаммы» деп санайды. Ол бұған дейін табылған барлық штаммдарды (Гамма, Бета және Альфа) ығыстырып жіберген. Осыған байланысты, оның пікірінше, «жаңа штаммның «дельтаға» қарағанда күшті болуы қиынырақ».

Бейсенбі күні Сянган (Гонконг) арнайы әкімшілік ауданында коронавирустың жаңа штаммын екі адамның жұқтырғаны анықталды.

Сенбіден бастап Сянган САР әкімшілігі Ботсвана, Эсватини, Лесото, Малави, Мозамбик, Намибия және Зимбабведен келген Гонконг тұрғындарына қатысты карантиндік шараларды күшейтуде. Соңғы үш апта ішінде жоғарыда аталған елдерде, соның ішінде ОАР-да болған азаматтардың кіруіне тыйым салынды.

Еске салсақ, Оңтүстік Африка Республикасында коронавирустың 1.1.529 атауы бар жаңа мутациясы анықталған еді.

Бұл нұсқа бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда жұқпалы және вакциналардың оған әсері тиімсіз болуы әбден мүмкін екендігі айтылды. Коронавирустың қауіпті делінген жаңа штамына «Омикрон» деген атау берілді.


Up