Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қызылорда облысында қоғамдық жұмыстан жалтарған тұрғын бас бостандығынан айырылды

23 April 2021 01:40

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Қоғамдық жұмыстарды орындаудан жалтарған Байқоңыр тұрғыны бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқоңыр қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат А. биылғы 15 ақпанда 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына сотталған болатын. Алайда ол қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті атқарушы органға мүлдем бармай, міндеттелген жұмыстарды орындаудан бірнеше рет дәлелді себептерсіз жалтарған. Осыған байланысты Қызылорда облысы Байқоңыр қалалық сотына қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыным жолданған.

Нәтижесінде азамат А.-ның қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазасының өтелмеген 200 сағаты 50 тәулікке бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Қаулы заңды күшіне 14 сәуірде енді.

«Қазіргі күні азамат А.-ны ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің қызметкерлері ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау және жаза өтеу шарттарын сақтау әр сотталушының міндеті болып табылады. Егер, бұл талаптар орындалмаған жағдайда, заң талаптарына сәйкес қатаң шаралар қолданылатындығы ескерілген жөн», - дейді Байқоңыр қалалық пробация қызметінің бастығы А. Танбаев.


Up