Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мойнына пышақ сұғып алса да, қылмыскерді ұстаған полицей «Айбын» орденін алды

7 May 2021 15:56

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының полиция қызметкері Нұржан Кәкеев пышақ жарақатын алса да, қылмыскерді қолға түсірген. Осы ерлігі үшін ол Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі «Айбын» орденін алды. ҚазАқпарат тілшісі тәртіп сақшысымен хабарласып, сол бір сын сағатта қалай әрекет еткенін сұрап көрді.

8 ақпанға қараған түні Өскемен қалалық полиция басқармасының патруль полицейлері Нұржан Кәкеев пен Бекарыс Әбдолданов көпқабатты үйлердің біріндегі тыныштықтың бұзылуы туралы шақырту алған.

Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер подъездің ішінде ішімдік ішіп, қатты сөйлеп тұрған екі адамды көрді.

Оларға тәртіп бұзғанын түсіндіріп, шу шығармауды өтінген. Осы уақытта жігіттердің бірі Нұржанның мойнын пышақпен жаралап, қаша жөнелді.

«Жігіттердің жасы 25-30 шамасында. Жарақат алсам да еш ойланбастан қуа жөнелдім. Подъезден шыға салысымен қаруланған тәртіп бұзушы қайтадан шабуыл жасамақ болды. Сол кезде әріптесім екеуіміз резеңке таяқпен қолындағы пышақты қағып түсірдік де оны құрықтадық. Көп ұзамай екінші жігіт де ұсталды. Атыс қаруын қолданбаған себебіміз – далада өзге адамдар жүрді. Оқ басқаға тиіп кетуі де ықтимал еді», - дейді Нұржан Кәкеев.

Полиция қызметкерінің ерлігі еленіп, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі берілген.

Сондай-ақ 6 мамыр күні ол Ақордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі «Айбын» орденін алды.

«Құқық қорғау органында қызмет етіп жүргеніме 2 жылдан асты. Шынымды айтсам, бала күнімнен полицей болуды армандайтынмын. Құдайға шүкір, қазір сол мақсатым орындалды. Жұртқа пайдам тиіп, елдің ризашылығын алған сәттерде одан сайын шабыттана түсемін», - дейді сақшы.


Up