Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Мүгедектігі бар адамдарға жеке нотариустар тегін қызмет көрсетеді

11 May 2022 12:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған заң жобасының бірінші оқылымы 27 сәуірде өткен болатын.

«Заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған және Қазақстан Республикасының заңнамасына кемсітушілік терминдерді жою және «мүгедек» деген ұғымды «мүгедектігі бар адамға», «мүгедек бала» деген ұғымды «мүгедектігі бар балаға» ауыстыруды көздейді. Сонымен бірге, мүгедектігі бар адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілу, техникалық және құқықтық сипаттағы әрекеттерді жасау кезінде жеке нотариустардың тегін қызметтерін алу, ақпаратқа қол жеткізу және кедергісіз орта қалыптастыру құқықтарын қамтамасыз ету бөлігінде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған», - деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Лариса Павловец.

Сонымен қатар заң жобасында мүгедектігі бар баланы санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің біріне санаторийлік-курорттық ұйымда болу құны халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын соманың 70%-ы мөлшерінде өтеледі.

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар мүгедектікті, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу жөніндегі медициналық-әлеуметтік сараптамадан сырттай өту мүмкіндігін беру, дәріханалары жоқ ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды денсаулық сақтау ұйымдары арқылы өткізу сынды түзетулер енгізген.

«Заң жобасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті бюджетке аударылатын қаражаты есебінен әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, такси тасымалдаушыларында әдеттегі 10 автомобильге мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі бір мамандандырылған автокөліктің болуы, мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарды тасымалдауға бейімделген автобустарды басымдықпен сатып алуы сынды нормаларды 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жөнінде түзету енгізілді. Жұмыс тобының 8 отырысы, жұмыс кеңесі, заң жобасының таныстырылымы, Комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді. Айтылғандарды ескере отырып, комитет «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Парламент Сенатының қарауына жіберуге болады деп есептейді», - деді Л. Павловец.


Up