Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мұхтар Тілеуберді Брюссельде Еуропарламент депутаттарымен кездесті

10 May 2021 20:28

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Брюссельдегі сапары туралы ҚазАқпараттың Бельгиядағы тілшісіне мәлімет берді.

Брюссельде Мұхтар Тілеуберді Еуропарламент депутаттарымен және Еуропалық одақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілімен кездесу өткізген. ҚР Сыртқы істер министрі еуропалық әріптестерімен былтыр наурызда ЕО-ға қатысушы елдер ратификациялаған Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің орындалу барысын талқылады.

«Біз алдағы жоспарымыздың негізгі бағыттарын белгіледік, әріптестік тетіктері анықталды. Басқа да экономикалық ынтымақтастық мәселелері, халықаралық аренадағы өзара әрекеттеріміз, сондай-ақ адам құқықтары сақтау саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Мен Еуропарламентте арнайы кездесулер өткіздім. Халықаралық істер комитетінің төрағасы Дэвид Макалистермен және басқа Еуропарламент депутаттарымен сұхбат құрдым. Еуропалық одақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмормен жеке кездесу өтті.

Бірінші кезекте, мен біздің елдегі адам құқықтары саласындағы ахуал туралы және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың демократиялық реформалары туралы ақпарат бердім. Менімен әңгімелескендердің бәрі Мемлекет басшысы ұсынған саяси-құқықтық реформалардың үшінші пакетіне ерекше қызығушылығын танытты», - деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, Еуроодақ өкілдері Қазақстанның демократиялық қоғам құруға бағыт алғанын құптап отыр.

«Олар осы бағытта өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, еуропалық серіктестермен пандемиямен күрес мәселесіндегі ынтымақтастық шараларын талқыладық. Еуропалық тарапты Қазақстан коронавирусқа қарсы «QazVac» атты өз вакцинасын шығарғанын, қазір ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен өтіп жатқанынан хабардар еттім. Бұл да ЕО-дағы серіктестеріміздің зор қызығушылығын туғызды», - деді Мұхтар Тілеуберді.


Up