Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Оралда JaiyqFilmFest халықаралық кинофестивалі өтіп жатыр

18 September 2021 10:33

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында JaiyqFilmFest халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кинофестиваль ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және «Қала күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған.







Фестивальға қатысу үшін әлемнің түпкір түпкірінен 100ден аса өтінім келіп түскен. Соның ішінен 9 мемлекеттен 31 фильм әділқазылар алқасына ұсынылды.

Қазылар алқасының құрамында Мерует Өтекешова, Самал Еслямова, Алтынай Нөгербек, Ерлан Нұрмұхамбет, Жеңісхан Момышев, Талғат Тайшанов, Айгуль Черендина, Асланбек Губашев сынды кино әлемінің майталмандары бар.










Сондай-ақ фестиваль аясында жас кино сүйер қауым үшін Дариға Бадыкова мен Рамазан Амантайдың шеберлік сабақтары өткізілді.

«Актермен бірге» фестиваль аясында «Анаға апарар жол» кинокартинасын көпшілік фильмде басты рөлді сомдаған Алтынай Нөгербекпен бірге көрді.

Сонымен қатар, фестивальдің ашылу салтанатында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Tokyo New Cinema түсірген, «Конокрады. Уақыт жолдары» фильмінің тұсаукесері өтті.

Фильмнің режиссерлері - Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такеба (Жапония). Фото режиссері: Азиз Жамбакиев (Қазақстан).

Рөлдерде: Дулыға Ақмолда (Қазақстан), Самал Еслямова (Қазақстан), Мирай Морияма (Жапония), Мади Минайдаров (Қазақстан) және т.б.

Фильм осыған дейін 2019 жылы 24-ші Пусан халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатында көрсетілген.

- Жастар фильмді ерекше түсіреді. Олар киносыз өмір сүре алмайды. Көзқарастары да басқа. Маған театр да, кино да жақын. Кино – ғажайып әлем. Қазір білімді, талантты жастарымыздың фильм түсіруіне мүмкіндік мол. Осы кинофестиваль режиссерлар мен әртістер үшін үлкен тәжірибе болатынына сенемін,- дейді «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Қаратайқызы.

– Біріншіден, мұндай фестивальдер көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты мегополистерде ғана ұйымдастырылып келеді. Ал шағын қалаларда өтпейді. Мәселен, Канн кинофестивалін ұйымдастыру арқылы Францияның осы қаласы дүниежүзіне танымал болды. Халқы не бары 74 мың адам. Яғни, тұрғындары біздің Оралдан 5 есеге аз. Канн осы бір ғана фестиваль арқылы іргесіндегі Ницца, Монте-Карло қалаларының да туристік-экономикалық әлеуетінің дамуына серпін берді. Біздің мақсат Оралда туризмді дамытуға үлес қосу. Әрине, бірден бола қоймас. Десек те, Орал – өте әдемі қала. Кино түсірушілер үшін камера нысанына алатын объектілер жетерлік. Осы орайда ХІХ, ХХ ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіштерді таныстырсақ дейміз. Бұдан бөлек, Оралдан эксклюзивті өнерімен танылған дарындар мен таланттар аз емес. Осы фестиваль енді кино саласындағы жаңа толқынның шығуына сеп болады деген сенім бар, – дейді фестиваль директоры Алпамыс Шаримов.









Up