Weather
Нур-Султан +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Өскемен тұрғынының үйінен 4 тапанша мен 150 оқ табылды

25 May 2022 23:10

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында 32 жастағы ер адамның үйінен 4 тапанша мен 150 оқ табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Қару» жедел алдын алу шарасы барысында атыс қарулары мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаған 32 жастағы Өскемен тұрғынын ұстады.

«Ер адамның үйін тінту барысында полицейлер «МР-79-8» және «WALTHER» маркалы газ тапаншаларын, «МР-654К» үлгісіндегі өздігінен оқталатын пневматикалық тапаншаны және «СПШ 44» үлгісіндегі сигналдық тапаншаны тапты. Сондай-ақ 150-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. Бұл оқтар атуға жарамды болып шықты», - делінген ақпаратта.




Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігіне (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейде 29 бас жылқыны айдап кеткен ұры ұсталғанын хабарлаған едік.



Up