Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өскеменде Словакия Республикасының консулдығы ашылды

18 October 2021 20:34

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде Словакия Республикасы консулдығының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ақпарат орталығының мәліметінше, Қазақстан мен Словакия 25 жылдан астам уақыттан бері дипломатиялық қатынаста.

Осы жылдар ішінде елдер арасында саясат, экономика, мәдениет және басқа да гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнады.

Консулдықтың ашылуы - ынтымақтастық пен серіктестікті жан-жақты нығайтуға бағытталған қадамдардың бірі.

Салтанатты шараға Словакия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Милан Коллар қатысты.




Ол өз сөзінде өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияның Сыртқы істер министрі Иван Корчокты қабылдағанын атап өтті.

«Өскемен Қазақстанның шығысындағы ірі қала ғана емес, өңірдің өнеркәсіптік, экономикалық және мәдени орталығы. Оның туристік әлеуеті де бар. Сондай-ақ біздің қысқы спорт түрлеріне, әсіресе хоккейге деген қызығушылығымыз ерекше. Консулдық ынтымақтастығымыз үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Бірлесе отырып бизнес-қоғамдастықпен байланыстарды жолға қоя аламыз. Кейін серіктестерімізбен кездесу ұйымдастырып, зауыттар мен кәсіпорындарды аралап, тәжірибе алмасуға болады. Словакияның машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, жасыл технологиялар, цифрландыру салаларында мол тәжірибесі бар», - деді Милан Коллар.

Словакия Республикасымен ынтымақтастықта Қазақстан бірінші кезекте инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға мүдделі.

Кездесуде ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов одан әрі сындарлы серіктестік пен іскерлік және достық байланыстардың нығая беретініне сенім білдірді.

«Консулдық Словакия республикасының атынан Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында өкілдік ететін болады. Бұл елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастарының жоғары деңгейін көрсетеді. Диалог барлық салаларда ерекшеленеді. Өкілдік инвестициялар тарту, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, туристік салалардағы өзара іс-қимыл мәселелерін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді ол.


Up