Weather
Astana +7 °С
Almaty +14 °С
Exchange rates
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Өзбекстанда Президент сайлауына қатысты үміткерлердің үгіт-насихаты өтуде

21 September 2021 09:47

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда 20 қыркүйекте Өзбекстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысына орай басталған сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде президенттікке үміткерлердің бұқаралық ақпарат құралдарына шығу реті төмендегідей етіп көрсетілген:

Бірінші – Өзбекстан Экологиялық партиясынан Өзбекстан Президенттігіне үміткер – Нарзулло Обломурадов;

екінші – Өзбекстан Халық демократиялық партиясынан Өзбекстан Президенттігіне үміткер – Максуда Варисова;

үшінші – Кәсіпкерлер мен іскерлер қозғалысы – Өзбекстан Либералды-демократиялық партиясынан Өзбекстан Президенттігіне үміткер – Шавкат Мирзиёев;

төртінші – Өзбекстан «Миллий Тикланиш» демократиялық партиясынан Өзбекстан Президенттігіне үміткер – Алишер Қодиров;

бесінші – Өзбекстан «Адолат» социал-демократиялық партиясынан Өзбекстан Президенттігіне үміткер – Бахром Абдухалимов.

Сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде Президенттікке үміткерлер үшін Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясының республикалық және жергілікті телерадиоарналарында бөлінген тегін эфир көлемі мен уақыты, негізгі республикалық басылымдар мен жергілікті газеттерде ақысыз бөлінетін баспа беті де бекітілді. Президенттікке үміткерлер және олардың сенімді өкілдері сайлаушылармен кездесулер өткізу арқылы да сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын өткізу мүмкіндігіне ие.

Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы пандемия жағдайында саяси партиялардың сайлауалды шараларын, үміткерлердің кездесулері және басқа да іс-шараларды бейнеконференцбайланыс түрінде, ал қажет болған жағдайда ашық кеңістікте немесе жабық ғимарат сыйымдылығының 50 пайызынан аспайтындай мөлшердегі қатысушылармен ұйымдастыруды ұсынуда.

Еске сала кетейік, Өзбекстан президентін сайлау 24 қазанда өтеді. Өзбекстан сайлау заңдылығына орай сайлау күні және оған бір күн қалғанда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына жол берілмейді.



Up